Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші:
– Кел билейік кетпе менің қасымнан! Себебі, біз бүгін бақыт құшағындамыз. Дәлірек айтқанда Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығынан шабыт алған тұңғыш қазақ мюзиклінің премьерасындамыз.
Биыл қазақтың ұлы композиторы, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдық мерейтойы. Соның құрметіне орай киногерлер тың туынды таспалады. Бұл сіз ойлағандай Шәмші жайлы фильм емес, Бақыт есімді жігіттің өмірінен сыр шертетін картина.
Дәурен Серғазин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Бұрын Шәмші атамыздың рөлін сомдағанмын.Ол кезде осы әндерді шығарған болатынмын. Енді бұл әндерді орындап жатырмын. Әрине үлкен қорқыныш, қобалжу, жауапкершілік.
«Бақыт құшағында»New York Film Academy түлегі Санат Шапашовтың дебюттік жұмысы. Санат бұл картинада идея авторынан бастап, режиссерлікті де өз мойнына алған. Қанша жерден шетелден біліп алып келсе де, кастқа таңдалған білікті актерлер бастапқыда киногердің тырнақалды туындысына күмәнмен қарағандарын жасырып қалмады.
Дәурен Серғазин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Алғашқы дебюттік жұмыстарға кез келген актер күдікпен қарайды. Ол заңдылық та. Бірақ мюзикл дегенге өте қуандым. Ол бізде кенжелеп қалған жанр. Қалай алып шығады екен деген күдік болды. Бірақ бірінші күні түсірлім алаңына келген кезде, қорқынышым бірден сейілді.
Аталмыш картина қазақ тарихындағы тұңғыш jukebox мюзикл. Ерекшелігі – лентаға Шәмшінің 13 әні арнайы симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылған. Сонымен қатар, түсірілім жұмыстары толықтай елордамыз Астана қаласында өтіп, 230-ға жуық актер бас қосқан ең ауқымды сахналық көріністер бар. Айта кетейік, толықметр үшін Голливудтан арнайы заманауи кинокамера алдырылған.
Санат Шапашов, режиссер:
– Фильмнің үзінділерін көріп жатқан адамдар «Ла-ла-лендтің» плагиаты деп жатыр. Солай ма?
– Бұл жерде ешқандай 100 пайыз ешқандай плагиат жоқ! Көбінесе сұрайды, ал неге осы, дәл сондай түстер. Ал ол біздің көк туымыздың түстері емес пе? Қазақстанға лайық па? 100 пайыз лайықты.
Картинаның сценарийі 7 ай көлемінде жазылған. Ауқымды би сахналарын кәсіби хореограф бір ай бойы арнайы дайындықтан өткізген.
Санат Шапашов, режиссер:
– Ең қиын сахна болды ма сіз үшін?
– Ғимараттың ішінде, мейрамхананың ішінде бір дастархан басында бізде отбасы отыр. Сол осы сахнаның ішінде 24 кадр түсіріп алдық. Шамамен бір 12 сағат түсірдік сол сахнаны. «Арыс жағасында» әні. Бірақ, ол мен үшін ғана басқаларды білмедім.
Актерлық құрам Дәурен Серғазин, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Шахмұрат Ордабаев және Әлия Әнуарбек сынды кіл мықтылармен толыққан. Еске салсақ, бұл Әлияның 5 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы үлкен жобасы.
Әлия Әнуарбек, актриса:
– Мен ғажап сезімдерді бастан кешіріп жатырмын.Бұл күнді ұзақ күттім. Және бұл менің мансабымдағы ең жарқын кезең болады деп сенемін. Себебі, осындай керемет мюзиклмен камбэк жасадым.
Шахмұрат Ордабаев, актер:
– Біз мынадай ақпарат естідік. Шпагатқа отыра алғаныңыз үшін кастингтен өтті деген. Қаншалықты рас?
– Ол да бір талаптардың бірі болды. Өйткені бір күрдел сахнада отыра қалып битіп, шпагатқа отыру керек деген болды. Дайындықтарда отырдым, істедім. Түсірілім барысында бір рет отырып, білмеймін, бір жерімді ауыртып алдым ба. Сосын Санат: «қой құрсын, керегі жоқ» - деп, басқа бірнәрсені қоса салды.
Әйкерім Есенәлі, digital-продюсер, журналист:
– Мен шымшық сойса да, қасапшы сойсын дейтін адам едім, журналист болып сынайтын. Бірақ енді өзімнің өмірдегі менеджер ретінде кішкене қаттылау мінезім бар. Фильмде де сол бар. «Әйкерім Есенәлі болшы!»- деді.
Шәмші әндеріне негізделген тұңғыш қазақ тілді мюзикл бүгіннен бастап үлкен экранда! Сонымен қатар аталмыш фильм енді әлемдік аренаны бағындырып, Нью-Йорк және Париж қалаларында да ұсынылмақ.
Әйкерім Есенәлі, digital-продюсер, журналист:
– Франциядағы фестиваль бар халықаралық. Сол фестивальдің жабылу салтанатында осы фильм көрсетіледі.