«Аңдар патшалығы» 2016 жылы көрерменге жол тартып, үздік анимациялық фильм ретінде «Оскар» марапатын еншілеген еді. Елдің ыстық ықыласына ие картинаның сиквелын күтіп жүргендер көп болды. Енді міне, араға 9 жыл салып қана жобаның жалғасы жарық көрмек. Еске салсақ, бұл жолы да лентаның режиссерлары ретінде Джаред Буш пен Байрон Ховард таңдалған.
Байрон Ховард, режиссер:
– Білесіз бе, маған бұл әлемнің ойнақы да көңілді болуы өте ұнайды. Біз Джаред екеуміз жануарларды жақсы көріп өстік, сондықтан бұл жоба — біз үшін нағыз арман еді. Тіпті 15 жыл бұрын, осы жұмысты алғаш бастаған кезімізге оралсақ та дәл солай. Біз көрермендердің фильмді көріп, тамаша уақыт өткізгенін шын жүректен қалаймыз.
Су жаңа лентада жануарлар әлемнің ауқымы кеңейе түспек. Ал сүйкімді қоян және тапқыр түлкімен бірге, басты рөлде – көгілдір жылан. Жаңа кейіпкердің фильмде төбе көрсетуі бекер емес.
Джаред Буш, режиссер:
– Алғашқы фильмде біз Байронмен «Аңдар паташлығында» рептилиялар болуы керек екенін талқылағанбыз. Бірақ бірінші бөлімде оқиға жыртқыштар мен шөпқоректілер тақырыбына өте қатты бағытталған еді. Біз жыландарды өте жақсы көреміз. Олар қызық, әрі көпшіліктің олар жайлы жаман ойлайды. Көрермендер оларды жаңа қырынан бағаласа дейміз.
Мадина Дәулетқызы, тілші:
– Гэри жыланның түсі өте ерекше. Неліктен мұндай түс пен дизайнды таңдадыңыздар?
Байрон Ховард, режиссер:
– Өте жақсы сұрақ. Шын мәнінде мұның бәрі әдейі істелген. Гэридің бейнесін жасаған біздің продакшн-дизайнеріміз Кори Лофтус өте ерекше көк түсті таңдады. Негізі, сүтқоректілер әлемінде, генетикалық модельдерге қарасақ, мұндай көк түс мүлдем болмайды. Бірақ біз көрерменнің есінде қалуы үшін кейіпкердің келбетін әдейі ерекше етіп ұсындық.
Режиссерлердің айтуынша, сиквелдың жаңа бөлімінде Ник пен Джудидің қарым-қатынасы сынға түспек! Реніш, түсініспеушілік, қиындықты жеңу – бәрі де шынайы өмірдегідей.
Джаред Буш, режиссер:
– Фильмнің жаңа бөлімінде әрқайсымыздың ерекшелігіміз бар екенін көрерменге көрсеткіміз келді. Бұл Ник пен Джудидің серіктестігі туралы оқиға. Қоян мен түлкі, олар екеуі екі түрлі ғой. Яғни, өмірде де адамдар әртүрлі болады.
Айтпақшы, Шакира тағы да «Аңдар патшалығының» ең танымал поп-жұлдызы - Газельдің дауысын салды. Анимацияға аранайылап ұсынылған «Zoo» әнінің музыкасы мен сөзін Эд Ширан, Блейк Слаткин және Шакира жазды. Сиквелдың әлемдік премьерасы 26 қарашаға жоспарланып отыр!