1926 жылы еліміздің тұңғыш театры Қызылорда қаласында «Еңлік - Кебек» спектаклімен шымылдығын түріп, 3 жылдан соң мәдени астанамызға қоныс аударған еді. Ал 1961 жылы өнер ордасына көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтың есімі берілді. Енді міне биыл ұлттық театрға ғасырға қадам басты!
Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Бүгін үлкен той. Өнердің тойы. Қара шаңырақ Әуезов театрының 100 жылдық маусымын ашылып жатыр. Халық жақсы қарсы алып жатыр. Актерлардың көңіл-күйі жоғары.
Белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов басқарған шағында Әуезов театрының өрлеу кезеңі басталған еді. Содан бері 1 ғасырда қарашаңырақ қазақ өнерінің ұлы қаймақтарын тәрбиелеп, талай жұлдыздың шамын жақты, біртуар марғасқаларынан да айрылды...
Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Мен осы 25 жылдың ішінде қандай ұлы тұлғаларды кезіктірдім. Ең өкініштісі жаныма жақын біраз ұлы тұлғаларды, біраз партнерларымды о дүниеге шығарып салдым. Ол кіслерді де бүгінгі 100 маусым құтты болсын деп іштей разы болып тұрмын.
Бұл айтулы күн Әуезов театрының қара шаңырағында өтуі тиіс еді. Алайда ғимарат күрделі жөндеуге жабылған соң, өзге локацияда тойланды. Әрине бұған шығармашылық ұжымның қапа болуы да заңды құбылыс.
Еркебұлан Дайыров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Өзіміздің қара шаңырақта тойлағанға не жетсін. Қуыс-қуыс жерін білеміз. Ол жер өзіміздің туған жеріміз десек те болады.
– Дегенмен де үйлерінінізді сағынған шығарсыздар?
Дулыға Ақмолда, Қазақстанның Халық әртісі, актер:
– Әрине театр актерлары үшін өзінің қара шаңырағында өзінің ордасында жүргенге не жетсін. Оған бір жағынан да анық көзім жетіп жатыр, сағындық.
Көпшілік алдына аңыз тұлға Асанәлі Әшімов шыққан кезде халық үздіксіз шапалақ ұрды. Қара шаңырақ 100-жылдық тарихының ең жарқын сәттерін көрерменмен еске алды. Актерлық құрам 12 спектакльдің үзіндісін сахналап, өнер сүйер қауымды ностальгияға бөледі.
– Ал бүгін қай кейіпкерініз арқылы қауышасыз көрерменмен?
Асылбек Боранбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Бүгін мінекей мен 21 жасымда театрға келген кезде ойнаған Карло Гоцийдің «Турандот Ханшайымындағы» кейіпкерім. Сол киіммен қайтадан шығып тұрмыз.
Болат Әбділманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Менің төлқұжатым - Абай. 100 ден аса киноға түстім. Бірақ қай жерге барсам да Абай рөлімен танығаны мен үшін үлкен бақыт. Өйткені, Абайды ойнау әр актердің арманы.
Қарашаңыраққа 20 жасында келіп, еңбек кітапшаларында Әуезов театры жазылғаннан бері бүгінге дейін сол сахнада табанын тоздырып келе жатқан өнерпаздар қатарын орта және жас буын өкілдері толықтырады. Театрдың Қыз Жібегі мен Дүриясы да бұл күні өнер ордасына алғаш келген сәттерін еске түсіріп, қуаныштан көздеріне жас алды.
Салтанат Бақаева, актриса:
– Мен алғашқы рет келгенімде қатты қорқыныш болған. Үлкен ұжым менің қалай қабылдайды екен деген. Бірақ, десек те ұжым мені өте жылы қабылдады. Әлі күнге дейін сол ұжымымның ерке қызы болып жүрмін.
– Ең алғаш ойнаған қойылымыныз есінізде ма?
Зарина Кармен, актриса:
– Есімде есімде. Алма Какешовнаның «Импенриядағы кеш» деген спектакльнде кішкентай ғана Саният официантканың ролін ойнаймын. Бірақ, құдды бір Джульеттаны ойнайтындай дайындалдым шыны керек.
Бір ғасыр бойы өнер ордасында халықтың үні мен үміті сахналанып келеді. Бұл шара тек Әуезов театрының жаңа белесі ғана емес, тұтас ұлт мәдениетінің тарихындағы рухани оқиға болды. Айтулы күннің мерейіне бірге куә болған жұлдыздардың тізімін Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева бастады.
Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, әнші:
– Біз көзімізді ашқаннан білетініміз осы қазақ театры Әуезов атындағы. Бүгінгі ерекше кештен алған әсеріміз соншама тіпті көзімізге жас та алдық. Әлі күнге дейін тебіреніп тұрмын.