Мадина Дәулетқызы, тілші:
Сүйкімді қоян мен тапқыр түлкінің хикаясы көрерменді бейжай қалдырмаған еді! Енді міне араға 9 жыл салып анимациялық туындының сиквелі жарық көрді! Кезінде «Оскар» марапатын еншілеген картинаның жалғасы несімен ерекшеленбек? Ондағы кейіпкерлерді қазақша сөйлеткен кім?
Көптен күткен туындының тұсаукесері нағыз мерекелік атмосфера сыйлады! Өнер өкілдерінің бірі премьераға балаларын ертсе, енді кейбірі әріптестерін арнайы құттықтай келген.
Ал көрерменді көп күттірген картинаның сюжет желісі шытырманға толы. Бұл жолы детективтер Джуди Хоппс пен Ник Уайлд қала өмірін астан-кестен еткен жұмбақ жорғалаушының ізіне түседі. Қос серіктес мансабындағы ең қауіпті сынақты бастан кешеді.
Негізгі кейіпкер тапқыр түлкі - Ник Уайлдты дубляждау НТК көрерменіне «Шыда» фильмі арқылы жақсы таныс Қуаныш Бейсағалиевке бұйырған. Ол оның картинадағы серіктесі сүйкімді қоян Джуди Хоппстың дауысын Сабира Жарасқызы дыбыстайды.
Сабира Жарасқызы, актриса, блогер:
– Сізді құттықтаймыз! Білуімше, сізде дубляжда дебют?
– Мен үшін сезім ерекше, толқу үстіндемін, қуаныш, бақыт. Мен үшін армандарымның бірі болған. Тіпті Дисней мультфильмін дыбыстау, гештальдарым жабылды десе болады. Мені кастингке шақырды. Іріктеу болды, іріктеуде менен басқа көптеген адамдар болды. Іріктенуден өттім, кәдімгідей қиын іріктеу болды.
Еске салсақ, Дисней төл туындыларын дубляждайтын әр дауысты өзі жіті қадағалап, таңдап алады. Ал Сабира блогер бола тұра, кәсіби актерларге дес бермеді.
Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:
– Сабира біріншіден, табиғаты әртістік табиғаты осы Джуди Хопикинске сәйкес келеді. Екіншіден, Дженнифер Гудвен деген әртіс те түпнұсқаны дыбыстаған әртістің энергиясы ұқсайды. Ол бір. Екіншіден, Сабираның тілі таза қазақша. Бұл тұста Сабираның аудиториясы, қазақ тілді аудиториясын мейлінше осы дүниеге тартуға тырыстық.
Одан бөлек, театр және кино актёрлері Бақытжан Әлпейіс – Милтон Рыcевичті, Еркебұлан Дайыров – Дәу Мырзаны, ал Асан Мәжит – Бого Басекені дыбыстайды.
Асан Мажит, актер:
– Бұл менің бірінші жобам емес Диснеймен жұмыс істеп жатқан. Қоржынымда «Малифисента», «Мулан», одан кейін жақында «Муфаса». Мынау төртінші жобам. Процесс сол үйреншікті процесс, бірақ маған өзіме қатты ұнайды дыбыстау.
Шах-Мұрат Ордабаев, дубляж режиссері:
– Ең басты жауапкершілік ол бүгінгі таңда қазақ тілінден сөйлейтін жастардың вайбында, солардың темпо-ритмінде болу. Ең басты талаптардың бірі сол. Өйткені бүгінгі көрермен солар. Қазақ тілін тек кассикалық әдеби нормаларға сай тіл ғана емес, заманауи заманға сай дала тілі – сол құралдарды қолдану біздің үлкен мақсаттардың бірі болды.
«Аңдар шаһарының» алғашқы лентасы көрерменнің ыстық ықыласына ие болып, үздік анимация ретінде «Оскар», «Энни», «Алтын глобус» мәртебелі марапаттарын еншілеген еді. Туындының сиквелі бұрынғы жетістігін қайталайды ма, жоқ па – уақыт еншісінде. Көрермен болса, су жаңа картинаны 27 қарашадан бастап қазақ тілінде үлкен экраннан тамашалай алады!