2017 жылдан бері бірқатар комедия таспалап, кинонарыққа өз үлесін қосып келген Құралай Анарбекова, бұл жолы драма ұсынды! Кинопродюсердің айтуынша, көптен бергі арманын орындау біраз уақытты талап еткен. Себебі:
– Неліктен фильм көрерменге кеш жол тартты? Сол жайлы білсек бола ма?
Құралай Анарбекова, кинопродюсер, актриса
– Жақсы бір себептерге байланысты. Мен ана атандым. Мен «Періште» фильмін түсіргеннен кейін тұрмыс құрдым да, бір жылдан кейін ана атандым. Сол себепті кідіріп қалдық.
Жазылуына 5 жыл уақыт кеткен «Періште» картинасының сценарийіне 20 кәсіби маманның көмегі жұмылдырылған. Киногерді әбігерге салған жұмыс тек бұл емес...
Құралай Анарбекова, кинопродюсер, актриса
– Декорация жасау оңай емес. Тем более 90 жылдарды біз көрсету керек болдық. Қай сценаны қарасаңыздар бәрі с нуля мына плинтус, есіктің тұтқасына дейін 90-жылдарға келтіріп салды.
– Фильмнің бюджетін білсек бола ма?
– Енді 250 тек қана түсіріліміне болды. Одан кейін пост-продакшнымыз басталды. 300 болды. Енді маркетингім қазір 60 миллионнан асып жатыр. Тағы да асады. Сондықтан да енді жақсы дүние шығарғым келді. Соны халыққа жеткізу үшін аямай сол қаражатты төгіп жатырмыз осы күні.
Әр жобасы арқылы жаңа есімдердің жұлдызын жағуды мақсат еткен, Анарбекова бұл жолы да әдетінен танбаған. 250-ден астам актерді қарастырып, оқыған кәсіби мамандарды іріктеп алған. Нәтижесінде, басты кейіпкерді сомдау мәртебесі дебютант Арман Уахитовқа бұйырған.
Арман Уахитов, актер
– Анвар Матжанов ең ауыр сахнадан бастатқызды бізден. Мені отдельно дайындап, бір комнатаға кіргізіп, отдельно маған байланысты музыка қойды да. Чтобысостояние-ге кір. Өзіңді тап. Осы жерде дәлелде деген.
– Қанша уақыт алды сол ауыр сахна?
– Бір дубль. Бір ақ дубль. Кірдік, түсірдік. Все Анвар Матжанов айтты: «Снято!»
Толықметрде Арман Уахитовтың кейіпкері жарына опасыздық жасайды. Күйеуі сатып кеткен шарасыз әйелдің рөлін сомдау актриса Шехназа Қызыхановаға бұйырған.
– Фильмді көрермен не үшін көруі керек?
Шехназа Қызыханова, актриса
– Бұл Қазақстандағы өте сапалы драма дер едім. Өте сапалы. Бұл жердегі әр департаменттің жұмысы жоғарғы деңгейде. Художниктер, свет, оператор, монтажы. Шынында да актерлық құрам барын салды. Сондықтан да бұның ғұмыры ұзақ болатынына сенемін.
Бүгінде лентаның екі нұсқасы бар. Себебі кинопродюсердің жоспары тек Қазақстандағы прокатпен шектелмейді.
Құралай Анарбекова, кинопродюсер, актриса
– Бұл фильм тек қана Қазақстанда емес. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Барлық фестивальдерге кетті.
Айта кетейік, «Періште» картинасы шынайы оқиғаға негізделген. Фильмде басты кейіпкерді сомдайтын Құралай Анарбекова Талғат есімді жігітті кездестіріп, тұрмысқа шығады. Бірақ қалыңдық, болашақ жұбайы жайлы шындықты өте кеш біледі. Сонымен қатар, оның өтеуі үшін өзінің тағдырын құрбан етуге тура келеді...
– Фильм ұнады ма? Пікіріңізбен бөлісе кетсеңіз.
Мәдина Сәдуақасова, әнші
- Маған бұндай киноларға білмеймін көп баруға болмайтын сияқты. Өйткені, жүрегім ауырып, қысылып, кәдімгідей демім қысылып шықтым. Жүректі де, жанды да ауыртады. Бірақ, көп ой салады.
Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, әнші
- Мына фильмде біздің өмірімізде болып жатқан нағыз шындық өміріді көрдік. Нағыз біздің осындай қиыншылықта өмір сүріп жатқан әйелдердің, балалардың тағдырын көрдік. Нағыз өмірді көрсетті және актерлік шеберлік өте жоғары болды.
Сая Оразғалиева, актриса
- Өте ұнады, бірақ та ауыр екен. Өкіріп жылап шықтым.