Испандықтар Қазақстанмен бірлесіп Netflix-ке «ҚарЛаг» туралы фильм таспалады!
Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші
– Қазақ тарихы тұңғыш рет Netflix-те! Танымал «Бумажный дом» сериалының режиссері Анхель Мигель Вивас қаралы «Қарлаг» туралы фильм таспалады! Басты рөлде қазақстандық актриса Дина Тасболатова! Шынайы оқиғаға негізделген картина неге елімізде түсірілмеді?
«La Trеgua» XX ғасырдың ортасында болған «ҚарЛАГ» оқиғасын суреттейді. Қарлаг оқиғасында мыңдаған тұтқынның ішінде, жүз шақты испан өкілдері де болған. 2013 жылы Қазақстан Испанияға 152 сарбазының мұрағаттық ісін ресми түрде табыстаған. Осы құжаттар негізінде Испандықтар Қазақстанмен бірігіп фильм таспалауды ұсынған.
Ерлан Бекхожин, «La Trеgua» картинасының бас продюсер:
– Бұл — қазақ тарихын бүкіл әлемге танытуға арналған бірегей мүмкіндік. Бізде фильмнің жаһандық прокаты жоспарланып отыр, содан кейін ол Netflix платформасында көрсетілетін болады. Осылайша, Қазақстанның тарихы туралы бұдан да көп адам білетін болады.
Бастапқыда түсірілімдер Қарағандыда жоспарланған. Алайда белгілі бір себептерге байланысты Испан компаниясы Қазақстан аумағындағы жобаны сақтандырудан бас тартқан. Соңында фильм шетелде таспаланатыны туралы шешім қабылданып, сол жерде Қарағанды лагерінің шағын көшірмесі тұрғызылған.
Ерлан Бекхожин, бас продюсер:
– Келісім бойынша, түсірілім аяқталғаннан кейін бұл декорацияларды бұзуымыз керек болатын. Алайда жергілікті билік өкілдері оларды көрген соң, лагерьді сол күйінде қалдыруды өтінді. Олар бұл жерді болашақта туристерді тартатын нысанға айналдырмақ.
Картинаның басты рөлі «Бумажный дом» телехикаясының бас кейіпкері Мигель Эрран мен Арон Пиперге бұйырған. Ал Қазақстандық актерлерден небәрі 3 адам іріктеліп алынған.
Дина Тасболатова, актриса:
– Тұңғыш рет Нетфликсте! Әсеріңіз қалай бөлісіңізші?
– Әрине, бұл — жалпы қазақ кинематографиясы үшін үлкен оқиға деп ойлаймын. Мен лагерьдегі медбикенің рөлін сомдаймын. Бұл — фильмдегі басты әйел кейіпкер. Есімі – Айсұлу. Өте батыл, өжет қыз.
– Сізге ұқсай ма?
– Менің ойымша, ұқсайды
Алтынай Нөгербек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса:
– Бұл Испандықтардың көзқарасымен түсіріліп жатқан фильм ғой. Сіздің осы қазақ тарихына деген көзқарасыңызды өзгерте алды ма?
– Біз өз тарихымызды, өз тағдырымызды мұншалықты қадірлемейміз. Біз де осындай кино жасап, бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік бар ғой, тарих бар. Бірақ неге екені ол іске аспайды.
Сергей Уфимцев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Бұл мен үшін алғашқы халықаралық жоба. Түсірілім барысында режиссер үнемі менің көзіме қарағысы келетін — менің әртүрлі жағдайларға қалай реакция білдіретінімді көргісі келді. Кастингтен, оған менің дауысым ұнағандықтан өттім. Өзі солай айтты.
Фильмнің сценарийін толықтай испандықтар жазған. Десе де қазақ сценаристерінің түзетуінен өтіп, нәтижесінде кей диалогтардың міндетті түрде қазақ тілінде болуы талап етілген. Сонымен қатар, испан актерлерінің де қазақша сөйлеуін көздеген.
Дина Тасболатова, актриса:
– Менің кейіпкерім қазақша да, орысша да сөйледі. Ал испандықтар бастапқыда испан тілінде сөйлейтін. Кейіннен олар да қазақша сөйлей бастады. Мысалы, Мигель қазақша сөйледі – бұл алғашында өте күлкілі болды. Сондықтан иә, бәрі әртүрлі тілде сөйлеп жүрді.
«La Trеgua» – Қазақстан мен Испанияның бірлесіп түсірген жобасы болғанмен, картинаның авторлық құқығы толығымен Netflix-ке тиесілі. Дегенмен түп негізі қазақ тарихынан алынған. Қаралы «ҚарЛаг» туралы картина 25 қыркүйекте Сан-Себастьян қаласындағы фестивальде тұсауын кеседі. Ал қазан айының соңында Испания мен Қазақстанда көрсетіледі, одан соң Netflix платформасында қолжетімді болады.