Тілендиевтің туындылары Үнді оркестрінің орындауында қалай шықты?

Сообщить о проблеме с эфиром

Мөлдір Нұрғалиқызы

– Қазақтың көрнекті композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтпек! Күй тарланының құрметіне орай ұйымдастырылған «Құстар» симфониялық шоуында қонақтамыз!


Талғат Сәбитов, көрермен:

– Нұрғиса атамыздың аты жазылып тұрғаннан кейін келіп отырмыз, жақсы концерт болатын шығар деп отырмыз. Бір тұлға ғой. Аңыз адам ғой ол. Бүкіл дүние жүзіне тараған. Қанша күйлері бар, қанша әндері бар?
Зайра Дүйсенбаева, көрермен:
– Бұл композиторды сондай жақсы көремін. Мен бір концертін жібермеймін.
Сымбат Әли, көрермен:

– Ең сүйікті шығармаңызды айтыңызшы?
– «Құстар әні» сүйікті шығармаларымның бірі. Мені ол тынышандырады. Сағым болған балалық шағымды еске салады.

 

«Құстар, құстар сызылтып ән салады, сол әнімен тербетеді даланы». Ал бүгін бұл әуен Республика сарайына жиналған қонақтарды тебірентіп, Нұрғиса Тілендиевтің рухына деген шексіз құрмет пен сағынышты сездірді.
 

Марат Бисенғалиев, скрипкашы, дирижер:

Ол нағыз керемет музыкант еді. Домбырада қалай ойнағаны әлі есімде. Дирижер болып тұрған сәттері. Керемет оркестрді құрған жан. Онымен кездескенім – мен үшін үлкен мақтаныш. Осындай естеліктер арқылы оның өнері әрқашан өмір сүре береді.

«Qustar» —Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларынан құралған жоба емес. Композитордың өнер жолына арналған бағдарлама. Күй тарланының өмірін әнмен суреттеу Канадалық сазгер Дмитрий Вареласқа бұйырған.

 

Дмитрий Варелас, композитор, (Канада):
Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арнап музыка жазу мен үшін үлкен құрмет! Мен оның шығармаларынан шабыт алдым. Барлық туынды өздігінен шықты.

 

Сондай-ақ, бұл кеште көз үйренген «Отырар сазы» емес, Үнді елінен келген оркестр өнер көрсетті. Симфониялық шоу – Тілендиевтің туындыларын тың интерпретацияда ойнады.
Абзал Арықбаев,
мультиинструменталист:

– Негізі бұл синкреттік жанр. Яғни, бірнеше өнердің бір арнада тоғысуы. Бұл жерде симфониялық музыка, бұл жерде жаңағы қазақтың ұлттық-фольклорлық музыка аспаптары. Сонымен қатар, театр да бар, балет те бар, хореография да бар. Сондықтан бұл үлкен бір синкреттің жаңа жоба десек болады.


Композитордың өмір жолын суреттейтін 3 актілі бағдарламада 12 түрлі шығарма орындалды. Бұл — көрерменге, әсіресе жас буынға жаңа бағыт беру жолындағы талпыныс дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиевтің өнерін қайта жаңғыртып, болашақ жастарға үлгі ету мақсатында жасалған жоба.

Дінзухра Тілендиева, Н. Тілендиевтің қызы, дирижер:
– Осы туындыны шығару барысында, сізде атсалыстыңыз ба?

– Шынымды айтқанда, өздері, бәрін шығарған өздері. Менен әрине рұқсат алды бұл кісілер. Мен рұқсатымды бердім. Біз ағыммен бірге жүруіміз керек. Және әкемнің шығармалары осы келешекке, өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі.
 

Рүстем Нұржігіт, әнші:
– Концерттен алған әсерім керемет. Біздің халық музыкасымен классик музыкасы қосылған дүние, қазіргі тілмен айтқанда коллобарация болып шыққан нәрсе. Өте әдемі шықты.

 

«Qustar» жобасы әрі қарай жалғасын табады деп сендіреді ұйымдастырушылар. Альбом жазып, оны танымал цифрлық платформаларға таратпақ. Сондай-ақ әлемнің бірнеше еліне гастрольдік сапар жоспарланып отыр.