Қайрат Нұртас Алматының туған күніне арналған кеште өнер көрсетті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Шеслана Құсаинова, тілші:

Мәдени астанамыз Алматының туған күні алып шаһардың түкпір түрпірінде тойлануда! Бүгінгі шарада халықтың қарасы қалың, мерекелік көңіл-күй ерекше. Себебі лайн-апта еліміздің жарық жұлдыздар! Ендеше осы вайбты бізбен бірге сезін!

 

Алматының туған күні нағыз шоуға айналды! 80 мыңға жуық көрермен, 50-ден астам өнерпаз бір алаңда бас қосты. Мерекелік концерттің басты тосынсыйы – көпшіліктің сүйіктісі Қайрат Нұртастың сахнаға шығуы болды. Кеш бойы мегажұлдызды күткен халық әншіні көрген сәтте эмоцияларын жасыра алмады.

Қайрат Нұртас, әнші:

– Барша алматылықтар, сіздерді құттықтаймын! Отбасыларыңызға береке, елде тыныштық болсын. Біздің қаламыз көркейіп, әр елге қызметкер болайық, әр елге жанашыр болайық. Сәлеммен өздеріңіздің «легендаларыңыз» Қайрат Нұртас.

 

Иә, халықтың «легендасы» түркістандық болғанымен, өмірінің ең маңызды кезеңін Алматыда өткізген-ді. Сондықтан да әнші бұл мерекені жыл сайын асыға күтетінін тілге тиек етті.

Қайрат Нұртас, әнші:

– Алматы бұл адамға бір энергия беретін, адамға биіктікті сыйлайтын қала ғой. Қай қайсысы болсын «Ойбай, Алматыға барсақ екен!» деп армандайды. Ал, біз Алматыда өстік, Алматы мен үшін ол – Алматы. Оны басқаша ешқандай сөзбен жеткізе алмаймын.

 

Алматы тек әншілердің мақсатын жүзеге асырып қана қоймай, әзіл саласының мамандарын да шыңдаған ерекше қала.

Еркебұлан Мырзабек, тележүргізуші, шоумен:

– Мен де осы қалаға келіп, үздік КВН командалармен бірге, ағаларымызбен бірге бір сахнада ойнаймын деп армандап келдім. Оқуға түстім. Көп нәрсе байланыстырады. Ең алғашында енді студенттік өмірім шығар.

 

Алматыға арман қуып келгендердің қатарында «МузАрт» тобының солисі Сәкен Майғазиев те бар. Әншінің мегаполисте тұрақтағанына биыл 33 жыл толған екен.

Сәкен Майғазиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

– Мен алғаш рет осы Алматыға келген кезде Сайран деген автовокзалдан түстім арайлап таң атып келе жатқан. «Осы қалада Мейрамбек Беспаев тұрады ғой» деп ойлағанмын. Оны білмеймін мен. Үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бір сахнада бірге үніміз шығып жүргеніне қарап, кейде сондай бір белгі берген шығар деп таң қалам.

 

Ғашықтар мекені талай жастарды табыстырған. Солардың бірі жұлдыз жұп Бүркіт пен Аиша.

Бүркіт пен Аиша, жұлдыз жұп:

– Мен 14 жаста болғанымда біз осында көшіп келдік. Сол себепті, бұл қала мен үшін туған қаламдай болып кетті. Шынымды айтсам, бұл — әлемдегі ең керемет қала сияқты көрінеді.

 

Алматы мыңдаған өнерлі жандардың жұлдызын жаққан әсем қала. Оның таулары мен көркем табиғаты талай ақын-жазушыларға шабыт берген. Өнер иелері мерекеде Алматыға деген ыстық ықыласын білдіріп, туған күнімен құттықтады.

Сәкен Майғазиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

– Ашық аспан астында осындай әсем қаламыздың туған күнінен туған күніне жетіп, қала күнінен қала күніне жетіп, жақсы көңіл күйде бола берейік.

Бүркіт пен Аиша, жұлдыз жұп:

– Баршаларымыз аман болайық. Денсаулықтарымыз мықты болсын. Отбасыларыңызға тек амандық тілейміз.

Ақбота-Нұр, әнші, актриса:

– Менің қатты жақсы көретін Алматым. Келіп жеткен мерекеңмен шын жүректен құттықтаймын. Жақсы көреміз Алматы!