Ринат Зайытов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:
– Жаппай тыйым салу емес, тек 200 адамнан жоғары сыйымдылығы бар мәдени бұқаралық іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде бейімделмеген, арнайы-құрал-жабдықтармен жабдықталмаған алаңдар болатын болса, ол жерде фонограммаға рұқсат етіледі. Басқа жерде ең бірінші көрерменнің, тұтынушының мүддесі. 25-50 мыңға билет алған көрермен «аузын жыбырлатқан әншіні тыңдау керек» деген қағида болмау керек. Барғаннан кейін әншінің концертке деген дайындығын, деңгейін көруге құқылы деп ойламын.
Құжат мақұлданды. Депутат дегеніне жетті. Бірақ әншілердің айтар өз уәжі бар сыңайлы. «Заңды қолдаймыз, десе де жанды дауысты айтуға біраз кедергілер бар»,- дейді өнерпаздар.
Ғаділбек Жанай, әнші:
– Мен өзі тамағымды ауыртып, дыбыс байланысын үзіп, дәрігерге баруға мәжбүр болып, осыдан 10 жыл бұрын тамағымды мен 6 ай емдеп, дауысымды қайта шығарған адаммын да. Содан бері фонограммаға жүгінбеймін.
Қабдол Тілекова, әнші:
– Егер қабылданып жатса бағынамыз заңға, басқа ештеңе айта алмаймыз.
Серік Ибрагимов, әнші:
– Негізі өз концерттерім жанды дауыста, басқа концерттерім 90% жанды дауыста болады.
– Қалған 10 конерт залдарындағы мүмкіншіліктер әсер ете ме? Осы туралы айтыңызшы?
– Концерт залдары мүлдем дайын емес. Ал стадиондар болады, сондай жерлерде барлығы дұрыс болатын болады.
Мұхтар Ханзада, әнші:
– Кейбір жерлерде аппарат сәйкес келмейді. Концерт беретін болсақ көбісін шетелден алып жатады. Орындайтын техника ескі болғаннан кейін, заманға сай болмағаннан соң, қаржылай басқа жақтан алдырамыз.
Бірақ Бағым Мұхитдинова әріптестерімен келіспейтін сыңайлы.
Бағым Мұхитдинова, музыкалық продюсер:
– Барлық мүмкіндік бар. Бізге Джей Ло-ның өзі келіп концерт қойды. Келді де техникалық райдерін ұсына алды. Демек бізде де мүмкіндік бар. Мәселе қаржыда.
Ал продюсер Руслан Абдуқалиев жанды дауыста ән айту қалтадан қағады дегендермен келіспейді. Себебі қажет техника көп қаржыны талап етпейді дейді.
Руслан Абдуқалиев, продюсер:
– Ең қиын техникалық райдер бендпен барсаң, оны да кез-келген өңірге қойып бере алады. Ал жеке әншілерге ешқандай қиындық жоқ. Бір микрофон, бір құлаққап, мониторлар болды. Болды басқа ештеңе керек емес. Жанды дауыста айтпаса да сол техниканы жұмсайды. Жанды дауыста айту үшін тек монтиорды дұрыс реттеу керек. Ол сылтау емес қой.
Бағым Мұхитдинова, музыкалық продюсер:
– Фонограмма 10-15 жыл бұрын проблема болған шығар. Бірақ қазір ешқандай кедергі жоқ. Заңды 10 жыл бұрын қабылдау керек еді. кешігіп қалдық. Біздің әншілер жанды дауыста айтуға дайын және айтып жүр.
Расында да Садраддин 30 мың адамдық алаңды толтырып, жанды дауыста шырқады. Тұрар, Мирас сынды ньюскул артисттер де фонограммасыз өнер көрсетеді. Роза Рымбаева, Толқын Забирова сияқтыт аға буын өкілдері өзін мойындатқалы қашан. Ендігі мәселе мынада: фонограммамен ән айтатын өнерпаздарды қалай анықтамақ? Жауапты органдар әр концертті тексермек пе? Бұл бізге беймәлім. Заңның қалай жүезеге асатынын уақыттың және тиісті мекемелердің еншісіне қалдырдық.