Біздің режиссерларымыз да отандық киноқоржынды толтырудан қалыс қалар емес

Сообщить о проблеме с эфиром

Біздің режиссерларымыз да отандық киноқоржынды толтырудан қалыс қалар емес. Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған «Тақиялы періште-2» фильмінің ақырғы түсірілімі аяқталып қалды. Кешегі Тайлақтың «енді немеремді үйлендірсем» деп армандап, абыр-сабыр күйге түскен еңбегі ақталған сыңайлы. Тілшіміз баяндайды.

Қазақ кино өнерінің жауһарына айналған "Тақиялы періште" картинасының екінші бөлімін таспалау 2015 жылы қолға алынған болатын. Енді, міне араға жыл салып, кинотуындының түсірілім тобы фильмнің соңғы нүктесін қою үшін жанталасуда. Құсман Шалабаев – продюсер, сценарист: «Басында үрей болды. Өйткені Шәкен ағамыздан кейін бұл фильмді жалғастыру қалай болады деген сияқты әңгімелер болды. Енді өзімде де үрей болды. Бірақ дегенмен сенім болды да, дұрыс команда ұжым жинап, солардың арқасында құдайға шүкір» Актер ретінде алғаш рет бағын сынаған Тайлақты кезінде менсібегендер көп болған көрінеді. Тіпті, Әбілғазы Райымбеков сол үшін фильмнен кетпекші болып, ниеттенген де. Ал, «Тақиялы періштенің» жалғасында ондай түсініспеушілік мүлде болмаған, бірақ... Әлімғазы Райымбеков – актер: «Бірақ бір «но»-сы болып тұр. Осы бір текст қиын болып тұр маған. Жаттап, жаттап ұмытып қала берем. Сол жағы қиын боп тұр. Басқа былай іс-әрекет, қимыл дұрыс. Сол текст жағынан қиналамын.» Фильм барысында Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періштенің» эпизодтары қайталанатын сәттер бар. Алайда, бұл жолы келінді Тайлақ өзінің немересіне іздестіреді. 30 жастағы білім қуған сүрбойдақтың образын сомдаған Олжас өмірде де отау құрмаған. Актерды әзірше үйлену емес, картинаның сәтті шығуы көбірек мазалайтын сияқты. Олжас Тоғымбек – актер: «Үлкен экраннан көріп, біра алаңда жұмыс істеген үлкен абырой, өте үлкен жауапкершілік деп айтсам болады. Алаңда, съемкада Тайлақ атамыз өз кеңесін айтты. Қалай жұмыс істегенін, бірінші түсірілім қалай болғанын айтып берді. Сол ағаларымыздың кеңесімен біраз тәжірибе жинап алдық.» Қазақ киносының алтын қорына енген көркемтуындының жалғасы күз мезгілінде көрермен назарына ұсынылмақшы.. Әлімғазы Райымбеков – актер: «Халық өзі көріп, бағасын беріп жатар...»