Баян Мақсатқызы трагедиясынан соң толассыз сауалдар жауабын ғұмырнамалық кітабы арқылы беруге бел буғанды

Сообщить о проблеме с эфиром

Баян Мақсатқызы трагедиясынан соң толассыз «қарша бораған» сауалдар жауабын ғұмырнамалық кітабы арқылы беруге бел буғанды. Бірақ, бұл авторлық туындысының тұсауы кесілмей жатып-ақ кереғар пікірлерге тағы көмілді. Тіпті, экс-қайын сіңілісі де айыптады. Продюсер мемуары жайлы бізге экслюзивті сұқбат берді.

Баян Мақсатқызы, продюсер: – Кез-келген жәйтқа қатысты сұқбат беруді бір жыл бойы доғарамын. Ақпараттардан менің әлеуметтік желідегі парақшам арқылы хабардар болып отырасыздар. Себебі, адамдардың өміріме араласа беруінен шаршадым. Өзімді қорғағым келеді.

Қоғамның, бұқараның, журналистердің таусылмайтын сауалдарынан қажыған Баян ханым кітап жазамын деп шешкен. Шыр етіп өмірге келген сәтінен, бүгінгі күнге дейінгі ішкі толғанысы, мансабындағы және ғұмырындағы шиеленісті сәттері, өткен жаздың қаралы трагедиясы, аяғынан шалған жандар, жалпы тұтас тағдыры суреттелетін жеке мемуары осы болмақ.

Ғұмырнамалық кітабының құнын ол үш мың мен төрт мың теңге айналасында бағалауда. Бірден жиырма мың тиражбен шығаруға бекінген. Қаламы қарымды отандық жазушылардың өзі мұндай үлкен шығарылымнан жүрексінер еді. Баян ханым өз туындысын, оқырманның таласа сатып аларына бек сенімді.

Баян Мақсатқызы, продюсер: – Кітабымның неғұрлым көбірек сатылғанын қалар едім. Себебі, сатылымнан түскен қаржы әйелдердің құқығын қорғайтын орталықты құруға жұмсалады. Бұл да кітап жазуыма түрткі болған себептердің бірі.

«Автобиографиям елге таралмай жатып-ақ қысастық көрсеткендердің талауына түстім» -дейді, ол. Баян ханымның жазушылығын белгілі қаламгерлер Аманхан Әлімұлы сынға алса, әріптесі Мырзан Кенжебай - бұл кітапты «жазу мен насихаттауды қылмысқа» балапты.

Баян Мақсатқызы, продюсер: – Пиар компания үшін оларға алғыс білдіремін! Ер азаматтармен тайталасқым келмейді! Себебі, олар азаматтар! Менің кітабым - «қылмыс» деген пікірлері болса, бетіме келіп айтып, дәлелдесін. Әйел адамды ренжіту нағыз ер азаматқа тән емес.

«Баян» атты мемуар бірінші шілдеден дүкен сөрелеріне шығады. Тіршіліксіз жатпас бұл адуынды-әйел, енді телехикая түсірілімін бастап, артынша музыкалық картинаны таспалауға кіріспек.

Баян Мақсатқызы, продюсер: – Музыкалық фильм түсіру керек деген идея келді басыма. Көрермен мюзиклді қалай қабылдайтынын білмегендіктен, соған жақын дүние болады. Ән де, хореографиялық қойлым да көп болады. Тұрсын Алагөзовке қашан тұрмысқа шығып, неке қию салтанаты тойланатыны турасындағы сауал – Мақсатқызын мезі еткен сұрақтардың бірегейі. Дегенмен, продюсер бұл күннің де қыр – астында екеніне сендірді.