Димаштың Астана төрінде өткен ән кеші де қызу талқылануда

Сообщить о проблеме с эфиром

Дәл қазір Димаштың Астана төрінде өткен ән кеші де қызу талқылануда. ЕХРО-2017 көрмесінің құрметіне ұйымдастырылған концерт қандай ерекшеліктермен елді елең еткізді?! Бастау атты ауқымды шоуға шолу жасап көрсек.

Бұл шоуды Димаштың тыңдармандары ұзақ күтті! #АстанаАрена стадионына 30 мыңнан астам көрермен жиналған. Әлемнің әр түкпірінен келген жанкүйерлер көшін аспан асты елінің фанаттары бастап тұр. Қазақ баласының концертінде 3 мыңға жуық қытайлық қыз-жігіттер бой көрсеткен.

Димаштың командасы бұл шоуды дайындау барысында отандық және шет елдік мамандардың кеңесіне құлақ асқан. 5 бөлімнен тұратын ән кешіне Құдайбергенов 5 түрлі сахналық костюм тіктіріпті.

Андрей Ерёмин, режиссер (Украина): -Бұл шоудың идеясын, атауын, сахналық костюмдер мен би қойылымдарын, контентін құрастыру және дизайнын дайындауға тура екі жарым айдан астам уақыт кетті. Бірақ, ең басты мақсат Димаштың кәсіби әншілігі мен ерекше вокалдық қабілетін дүниежүзіне паш ету!

Әлемдік деңгейде ұйымдастырылған шоу жанды дауыста өтті. 2 жарым сағатқа созылған концерттік бағдарламаға ең таңдаулы әнтуындылар тоғыстырылған.

Қанат Айтбаев, Д. Құдайбергеннің әкесі: -Ағылшын тілінде, француз тілінде, қытай тілінде, әрине қазақ тілінде әндер орындалатын болады. Айта кету керек, әлемдік хиттер, және қазақстандық композиторлардың, сонымен қатар Димаштың өзінің шығармасы, Ресей композиторларының, батыстық, қытайлық композиторлардың әндері шырқалатын болады!

Сондай-ақ, қазақ баласын қолдауға «Евровидение-2012» байқауының жеңімпазы Лорин арнайы келсе, Димаш пен Кристина Орбакайте «Опять метель» әнін шырқап, жаңа дуэттің тұсауын кесті. Айта кетейік, Ресей жұлдызы аталмыш туындының алғашқы орындаушысы болса, Құдайбергенов бұл әнмен «Славян базары» байқауында бас жүлдені еншілеген еді.

Асхат Маемиров, режиссер: -Кристина екеуі шағын, мини қойылым сияқты болады. Яғни, Димаштың бойындағы актерлық шеберлікті осы әнмен яғни, ол жерде әннің биіктігін болмаса диапазонның кеңдігін таныту мақсат емес!