Әнші Жарқынай Ханайым көзден таса болған. Ол қайда жүр?

Сообщить о проблеме с эфиром

Ал, осыдан бір жыл бұрын Баян Есентаева өзінің кезекті жобасын жұртқа таныстырған еді. Продюсер ханым Жарқынай есімді бойжеткеннің отандық саз әлеміне жаңа леп әкелеріне бек сенімді болды. Біз де сендік... Алайда, бүгінде әнші Жарқынай Ханайым көзден таса болған. Ол қайда жүр?

Белгілі продюсер Баян Есентаеваның бүкіл шоу бизнес өкілдерінің басын қосып, Жарқынай-Ханайым атты жаңа жобасын жақсылап жарнамалағаны ел есінде. Себебі, бұл тұсаукесер дүбірлі тойдан кем болмаған еді.

Өнерге енді қадам басқан Жарқынайдың ән әлеміндегі болашағы да жарқын боларына көпшілік үміт артты. Әншінің тырнақалды бейнебаяны да түсіріліп, ұстаған бағыты оң болып көрінген.

Алайда, өнер иесі одан кейін тыңдарманын жаңа туындыларымен қуантпақ түгілі, көзден мүлде таса болды. Жұлдызды продюсер Баян Мақсатқызының бұған айтары бар.

Баян Есентаева, продюсер: -Жарқынайды бір жыл бұрын көпшілікке таныстырған болатынбыз. Ал, содан кейін көптеген жағдайларға байланысты, әншімен ары қарай жұмыс жүргізілмеді. Келешекте барлығын қолға аламын деген ойдамын. Жарқынай өте керемет әнші. Ал, әзірше мен оны еркіне жібердім.

Жарқынай Ханайым болса, өнерде өзіндік жолын тапқандай. Талантты әнші, бұл күндері өз әріптестерін Астана мюзикл театрындағы тамаша қойылымымен тамсандырып жүр.

Жарқынай Ханайым, әнші: -Баян Мақсатқызымен жұмысым әлі жалғасуда. Сондықтан, әншілік мансабымның ары қарай жалғасуы Баян ханымның шешіміне байланысты болып отыр.

Шоу-бизнес әлеміне жарқ етіп шыққан Жарқынайды болашақта тек театр сахнасынан ғана емес, әуезді ән, тың бейнебаяндары арқылы көк жәшіктен жиі көреміз деген ниеттеміз.