Ақан Сатаевтың жаңа картинасы Арманжан Байтасовтың актерлық қырын танытпақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Бизнесмены» - Ақан Сатаевтың жаңа картинасының атауы. Режиссер кезекті фильміне Арманжан Байтасов, Нұрлан Смағұлов сынды кәсіпкерлерді де шақырыпты. Бизнесте бағы жанған бұл азаматтардың, енді актерлық өнерге тістері бата ма? Серікқазы Аязбаев сұрап білді.

Ақан Сатаевтың кезекті картинасы 90-шы жылдары бизнеске бет бұрған қазақстандық жастардың өмірін суреттейді. Режиссер бұл фильмге өмірде де жеке кәсіппен шұғылданатын танымал тұлғаларды арнайы шақырған. Мәселен, аталмыш кинотуындыда Нұрлан Смағұлов пен Арманжан Байтасов бой көрсетеді.

Арманжан Байтасов, кәсіпкер: -Ақан алғашқыда «Бизнесмены» фильмінің түсірілім алаңына шақырғанда ұсынысты бірден қабыл алдым. Өйткені, «Районыды» тамашалап ерекше әсерге бөленген сәтім еді. Сатаевтың бұл картинасы да сәтті, әрі табысты туындылардың тізімін толықтырады деп сенемін.

Нұрлан Смағұлов, кәсіпкер: -Бүгінде бизнестің басы-қасында жүрген біздің замандастар жеке кәсіпкер ретінде танылғанымен, олардың соңғы 25 жылда түрлі қиындықтарды бастан кешкенін бірі білсе, бірі білмейді. Сценарийді оқыған сәтте, біздің жүріп өткен жолымыз көз алдыма елестеді.

Дамир, Әнуар және Асқар! Картина Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары «бизнес» ұғымын қалыптастырған жас кәсіпкерлер жайлы. Ақша жүрген жерде достық қарым-қатынасты сақтап қала білген олар, іскерліктің өзіне ғана тән ережелері барын көрсетеді.

Шәріп Серік, актер: -Бұл кейіпкер сондай бір қояншықтау, ақшақұмар, қызқұмар, ақша келгеннен кейін бірден қыдырып кетеді. Дегенмен де достыққа деген адал, сондай бір нағыз жігіт десек болады.

«Рэкетир», «Районы» және «Бизнесмены»! Бұл Сатаевтың кино әлеміндегі өзіндік трилогиясы секілді. Ал, жастайынан кәсібін дөңгелеткен жігіттер жайлы фильм, келер жылдың көктемінде қалың көпшілікке ұсыналады.