«Астана» сырт алаңда «Спартакты» тізе бүктірді. Чемпиондар Лигасына шыға аламыз ба?

Сообщить о проблеме с эфиром

Әр қазақ футболшысы, Роналдудай доп тепсе ғой, шіркін..! Дегенмен, мақтанар сәттеріміз де бар. «Астана» аяқдопшылары сырт алаңда латвиялық «Спартак» клубынан басым түсті. Бұл елордалық команданың Чемпиондар Лигасына іріктеу аясындағы биылғы бірінші жеңісі...

Жаңа ойыншылармен толыққан «Астана» футбол клубының, Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңіне шығуға деген құлшынысы зор. Елордалық команда бұл іріктеу маусымын да екінші айналымнан бастады. Алғашқы қарсыластары 2007 жылы құрылған, былтыр Латвия чемпионатын тұңғыш ұтқан «Спартак».

Юрмала қаласында өткен қос команда кездесуі тартысты басталды. Футбол мамандары мен букмекерлік кеңселер, жеңіс таразысында елордалықтар салмақтырақ тартады деп болжаған. Дегенмен, латвиялық клуб жиі шабуылдап, ойын тізгінін уыста ұстауға тырысты. Алайда, Еурокубок ойындарында ысылған Станимир Стойлов шәкірттерінің басты қаруы тәжірибесі еді. Олар бірінші таймның өзінде «Спартак» қақпасына 13 тура соққы жұмсады.

2500 адамдық «Слока» стадионындағы тегеурінді матчтың тағдырын жалғыз доп шешті. Ойынның 73-ші минутында «Астана» аяқдопшысы Патрик Твумаси 30 метрден айып соққысын сәтті орындап, гол соқты.

Эдгар Гурач, «Спартак» ФК шабуылшысы (Латвия): - Меніңше бізге аздап шеберлік жетіспеді. Бүгін «Астана» футболшылары басым болды. Дегенмен, қарымта ойынға жақсы даярлықпен және үлкен үмітпен бармақпыз! Бұл маңызды!