«Алашұлы» жігіттері жекелей шығармашылыққа бет бұрды! Этно-топтың ертеңі не болмақ?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Заманауи тілмен айтсақ «зыңдай» ән жазу бақыты кез-келген орындаушының қолына қона бермейтіні бар. «Алашұлынан» бөлек кеткен Ұшқын бұл жолда әзірге жаңылып жүрмеген сыңайлы. Ізін ала, өзге жігіттер де жеке шығармашылыққа бет бұра бастаған. Сонда, танымал топтың ертеңгі тағдыры қандай болмақ?!  

 

Бұл жолы «Алашұлындағы» жұмысын бір шетке ысырып, алғашқы жеке  бейнебаянын таспалап жатқан Әзімбек Байлин. «Мөлдір көзің» деп аталатын лиркалық ән, дебюттік клипінің тұздығы болмақ!    

Әзімбек Байлин, «Алашұлы» тобының әншісі:

-Бізді енді көптеген көрермен «Алашұлын» патриоттық тақырыпта көреді ғой. Енді бұл стиль бізге сәл алыстау болғанымен, өзімнің жеке шығармашылығымда осы клипті түсіріп көріп жатырмын.

Ал, бұл топта жеке әншілікте алдына жан салмайтын Мақсат болып тұр. Бүгінде үш клипті жарыққа шығарып үлгерген пысық жігіт, продюсердің тілін тапқан тәрізді.  

Мақсат Рахмет,  «Алашұлы» тобының әншісі:

-Біздің продюсеріміз Назгүл Қарабалина бұл жеке шығармашылыққа ешқандай қарсылығы жоқ. Сол себепті Назгүл ханым басқа продюсерлерден өзгеше деп айтсақ болады. Басқа кісілермен жұмыс жасасақ бұл мәселе қиындау болар ма еді.

Алайда, топ әншілеріне еркіндік бергенімен, Назгүл ханым қалтасынан қаржы шығарып бас қатырмайды...

Мақсат Рахмет,  «Алашұлы» тобының әншісі:

-Жеке шығармашылықта жиған-тергені болады ғой адамның. Мысалы, мен өзімнің жиған-тергеніме, сосын достарымыз бар, Әзімбек те сол. Әркімнің өзінің қалтасынан жұмсалатын қаражаттар.

Ал, жеке әншілік қырын таныту топ кенжесінің де ойында бар! Алайда, қатарға енді қосылған Ерзаттың қалтасы көтермейді.  

Ерзат Рамазанұлы,  «Алашұлы» тобының әншісі:

-Айтып жатыр ғой әр адамның жиған-тергені бар деп. Маған енді 5 ай ғана болды ғой. 5 айда ештеңе жинап, терген жоқпын ештеңе. Әлі өзімнің жағдайымды жөндеп жатырмын десең...

Сондай-ақ, биыл «Алашұлында» мерейтой! Этно-топтың жігіттері 5 жылдық есеп беру кешін Алматыдағы зәулім сарайда атап өтуді жоспарлап отыр !