Әйгілі ансамбілге 50 жыл! «Дос-Мұқасан» Алатау баурайында мерейтойын атап өтті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Бұл топ құрылғанда дүние есігін ашқан сәби, биыл елуді еңсеріпті.  Иә, жарты ғасыр бойы ғұмыр кешкен «Дос-Мұқасан» ансамбілінде мерейтой! Аталмыш ұжымның концертіне баруды қанша жоспарласам да, сәті түспеді. 

Зәулім сарайды тыңдарманға толтырған әйгілі ансамбль - қазақтың музыка өнерінде 50 жыл бойы береке-бірлігі жарасқан алғашқы ұжым! Концерттік бағдарламаға ретро әндер, аталмыш топтың хиттері тоғыстырылыпты.

Атың аңызға айналған ұжымды қолдауда қазақ эстрадасының өкілдері де қол қусырып қалған жоқ! Мәселен, мерейтойда жүргізушілікті тізгіндеген Нұрлан Абдуллин, әйгілі ансамбльдің құрамында өнер көрсеткен, бақилық болған музыканттардың рухына ән арнаған.  

Нұрлан Абдуллин, әнші:

-Бұл өмірден өтіп кеткен ағаларамыз «Дос-Мұқасандағы» Құрманай апамыз, Шәріп ағамыз, Бақытжан ағамыз бар. Тағы басқа азаматтардың әруағына бағышталып жазылған ән.

50 жылда «Дос-Мұқасан» ансамблінде бірнеше құрам ауысқан-ды! Алайда, тамыры тереңде жатқан ұжымның қуанышында экс-мүшелері де бой көрсетті.

Асан Мақашев, «Дос-Мұқасан» тобының экс-әншісі:

-Біз 5-ші состав болғанбыз. «Дос-Мұқасанмен» 7 жыл жұмыс істедім. Содан кейін пенсияға шығып кеттік де. Бүгін шақырғанда өзім құлап қала жаздадым.

50 жылдық мерейтой-кешін өткізу идеясы осыдан 2 жыл бұрын туындапты. Ал, концерттік бағдарламаға дайындық осыдан алты ай бұрын басталған. 

Ақжол Мейірбеков,  «Дос-Мұқасан» ансамбілінің әншісі:

-Костюм тіктіру, сценарий жазу, жаңа әндерді қосу, ескі әндерді қайта өңдеп шығару, оның бәрі жұмыс. Сондықтан іс-әрекетіміз бекер болған жоқ.

Иә, кештің көрермен көңілінен шыққанын аңғармау мүмкін емес! Әйгілі  ансамбльдің мерейтойына келген адал тыңдармандары, ерекше ностальгияға бөленгендерін айтады.