Пусанда тұсауы кесілген Ақан Сатаевтың «Она» картинасы әлемнің 250 кинотеатрында прокатқа шығады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық киноөндірісті тұңғыш рет әлемдік деңгейге, Ақан Сатаевтың «Она» фильмі шығарды. Себебі, триллер ТМД-ның 250 кинотеатрында көрерменге жол тартпақ. Пусанда тұсауын кесіп, халықаралық киногерлердің бағасын алып қайтқан режиссер, «Ревюньюске» эксклюзивті сұқбат берді. 

Пусан фестивалінің мәртебесі – Канн, Торонто кинобәйгелерінен кем түспейді. Ақан Сатаев «Она» фильмінің әлемдік тұсаукесерін әдейі сол алаңда ұйымдастырды. Туындысын Жер жаһанның ең беделді киногерлері мен сыншыларының таразысына салу – маңызды болғанын айтады.

Ақан Сатаев, режиссер:

– Халықаралық деңгейлі кинофестивальдегі көрерменнің пікірін білу, эмоциясын көру мен үшін маңызды. Жағымсыз пікір білдірген бірде-бір жан болмады. 18 жасар студент келіп, фильмді көрегеннен кейінгі түйген ойы жайлы айтқанда, бұл киноны бекер түсірмегенімізді ұқтым. Айтар ойы бар туынды.

Триллер қарашада Каирдегі «А» санатты кинофестивальге аттанады. Бұдан бөлек, Жапониялық һәм Қытайлық дистрибьютерлер қызығушылық танытқан. Сондықтан, аспан асты еліндегі атақты «Жібек жолы» және «Пекин» кинобәйгелеріне де жол тартады. 

Алып шаһарда қызымен жалғыз қалған әйелдің өмірі суреттелетін картинаның идея авторы – Айсұлу Әзімбаева. Актриса режиссермен бірлесе, түсірілім барысында сценарийді ұдайы жетілдіріп, көркемдеп отырған. 

Айсұлу Әзімбаева, актриса:

– Менің кейіпкерім бүгінгі қоғамдағы әйелдердің жиынтық образы. Тіпті, нәзік жандылар ғана емес, ер азаматтар да өздерімен бір ұқсастықты табары анық. Мегополисте миллиондар арасында жүріп, жалғызсырайтын адамдар жетерлік.

«Она» триллері «20-шы ғасыр Fox» компаниясы қанатының астына алған тұңғыш отандық туынды. Сондықтан, ТМД-ның 270 кинотеатрында прокатқа шығады. Бүкіл Қазақстанда, ірілі – ұсақты 70 қана үлкен экранның барын ескерсек, Сатаев мырза кассалық жиынның да едәуір боларына үміттенеді. 

Ақан Сатаев, режиссер:

– Кинотеатрға келіп, жәй ғана көңіл  көтеріп қайтамын деген көрерменге арналмаған. Бұл комедия емес, ой салатын, ауыр триллер.

«20-шы ғасыр Fox» енді «Она» картинасының тұсаукесерін, Ресейлік киножұлдыздардың қатысуымен Мәскеуде ұйымдастырады. Сосын, Алматыда жабық көрсетілім өтеді. Ал, қалың көпшілікке 30-шы қазаннан жол тартпақ.