Серік Апрымов көк тиынсыз-ақ, толықметрлі картина таспалап шықты!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Әкеге қоңырау шалу»! Серік Апрымов отандық кино қоржынға тағы бір тың туынды қосты. Қызығы сол режиссер картинаны таспалауға көк тиын да шығын жұмсамаған.

Көпшілік Серік Апрымовты кинофестивальдерден қанжығасы майланбай қайтпайтын режиссер ретінде біледі. «Соңғы аялдама», «Ақсуат», «Бауыр» сынды ленталары көрерменге етене таныс. Бүгінде, ол Франция мен АҚШ-та картина таспалап, көбіне елден жырақта жүреді.

Дегенмен, таяуда Алматыға қайта оралып, «Әкеге қоңырау шалу» фильмін таспалап шықты.

Серік Апрымов,  режиссер:

– ВГИК-та Москвада оқып жүргенде, бірінші фильмді 25 жастамын өзім түсіргенмін. Группасыз, ақшасыз. 30 жыл өткен соң мен ойладым, тура сондай эксперимент қояйын деп.

Бар жүкті жалғыз өзі арқалап, продюсерлік, режиссерлік, операторлық жұмысты атқарды. Көркем туындының сценарийін де өзі түзді. Бірақ, бұл жазбасын жан баласына көрсетпеген. Яки, түсірілім алаңындағы актерлар да, фильм желісінен бейхабар екен. Бүгін, тұсауы кесілгенде ғана, олар толыққанды оқиғамен үлкен экран арқылы бірақ танысты.

Нұрлан Жұмағали, актер: 

– Бұл кісі сценарийді бермейді, бәрін басынан аяғына дейін площадкада сенімен жұмыс істейді.

Мұның себебі, қарапайым ғана.

Серік Апрымов,  режиссер:

– Актерлар сценарийді оқып қойса, басқаша ойнайды.

Қатарластарынан болмысы бөлек баланың тағдыры суреттелетін картинада, басты кейіпкерлерді жетімдер үйінің тәрбиеленушілері сомдайды. Тек,  балақайларға ғана емес, театр актрисасы Айзада Сатыбалдиева үшін де - бұл толықметрлі кинотуындыдағы дебюті.

Айзада Сатыбалдиева, актриса:

– Ауру балаға, жоқшылыққа шыдай алмаған әйелі соңында бәрін тастап кетеді. Мен де өмір сүргім келеді, мен де бір жақсылыққа талпынғым келеді. Өзінше талпындырып көреді ұлын да, күйеуін де. Бірақ, алға қарай ешқанда қадам баспайтынына көзі жеткеннен кейін бәрін тастайды да кетеді.

Картина келешекте прокатқа шығарылып, түрлі кинобайқаулардың додасына да түсетін болады.