Жол апатынан кейін билеуге болмайды! Ернар Айдар тығырықтан қалай шықпақ?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жол-көлік оқиғасынан кейін, көпшілік көзінен алшақтаған Ернар Айдар жуырда тыңдармандарын тың жаңалықтарымен қуантпақ. Бүгінде жеке кешіне әзірлікті бастаған әншіге, жол апатынан кейін көп қозғалуға болмайтынын ескерткен. Ал, концерттегі би қойылымдары ше? Ернар тығырықтан қалай шықпақ?!  

Ернар бұл кешті көктемде өткізуді көздеген! Алайда, тосыннан болған жол апаты жоспарының күл-талқынын шығарады. Ауыр жарақаттан кейін, әнші жігітке дәрігерлер қатты қимылдауға рұқсат бермей отырған көрінеді. 

Ернар Айдар, әнші:

-Дәрігерлер қазір де рұқсат бермейді. Бірақ, билеуге болады. Қатты секіріп емес енді. Кішкене аяқты жерден қатты көтермей. Секірмей-ақ, әдемі билер бар ғой өзі. Мынау омыртқаға ғана салмақ салмасақ болды.

Сынаққа төтеп берген сері, жуырда тыңдарманға ауқымды шоу ұсынбақ ниетте. Өйткені, биыл мерейтойы! Ернардың кәсіби сахнадағы мансабына 5 жыл толған. Сондықтан, концерттің ел есінде сақталғанын қалайды. Бұрындары, би қимылдарына бас қатырмайтын жігіт, бұл жолы кәсіби хореграфтың көмегіне жүгініпті.

Ернар Айдар, әнші:

-Айырмашылық бар. Сен кәсіби маманнан бір қимылды үйреніп аласың. Мысалы, сахнада көрсетілетін бір қимылдың өзін 2 сағаттап, 3 сағаттап күніге дайындаласың. Соны сахнада әдемі көрсету үшін.

Бірақ, Ернар зақымданған омыртқасын да естен шығармау керектігін жақсы біледі. Өйткені, концерт барысында өнер иесіне жүктелген қауіпті трюктер де бар екен.  

Ернар Айдар, әнші:

-Бір-екі трюктер көрсетті де. Мен кәдімгідейі жоғарыдан құлап тұрып, олар ұстап қаламыз деп жатыр енді. Қайтадан тұрғызып жібереміз деп жатыр, сол жағы кішкене уайым болып тұр енді. Соған кішкене дайындық керек сияқты. Көреміз енді... Егер болмай жатса, оны тоқтатуға дұрыс келеді. Дұрысы сол!

Сондай-ақ бұл кеште Айқын, Мөлдір Әуелбекова, Нұржан Керменбаев, Серік Ибрагимов және Айкерім Қалаубаева Ернармен жаңа дуэттердің тұсауын кеспек.