Мен оралдым! Нұрлан Өнербаевтың жаңа әндері тыңдарманды баурай алды ма?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Ұзақ уақыт үзілістен кейін сахнаға қайта оралған Нұрлан Өнербаев, Алматы жұртшылығына есеп берді. Кеш иесі концерттік бағдарламаның басым көпшілігіне ретро-хиттерден гөрі, жаңа әндерді топтастырған. Ал, көрермен көзінен алшақтаған әншінің тың туындыларын тыңдарманы қалай қабылдады?! 

Нұрлан Өнербаевтың ән кеші «Сағыныш» деп аталады. Өйткені, осыдан тура 11 жыл бұрын, дәл осы зәулім сарайда алматылық тыңдарманға соңғы рет концерт беріпті.

 Нұрлан Өнербаев, әнші:

-Өзі белгілі бір уақытта елдің алдына шығып тұрмасаң, шынында көзден көрмегеннен кейін, көзден жуыла бересің. Сондықтан көрерменнің көңілінен жуылып қалмаудың жолын іздеу керек.

Нұрлан мырза енді жыл құсындай сағынышқа айналмайды. Алдағы уақытта да  шығармашылығын шыңдап, жаңа әндерін насихаттауды қызу қолға алмақ.

Нұрлан Өнербаев, әнші:

-Біраз жылдың ішінде менің қоржыныма біраз әндер жиналды. Әрине, бір кеште барлығын айта беру мүмкін емес. Әлі де кірмей қалған әндер бар еді. Енді келесі бір кештерде айтылады деп ойлаймын.

Ал, кешке келген көрермен Өнербаевтың ескі әндері еске алып әлек...

-Жаңа әндерден гөрі бізге ескі әндері көбірек ұнайды.

-Ескі әндерін естіп, бір жақсы рахатта болдық. Ләззат алдық.

Иә, дәл осындай ерекше құрметшіл тыңдарманның ықыласы, Өнербаевқа шабыт сыйлағандай. Нұрлан мырза, бұдан былай әнсүйер қауыммен жиі жүздесіп тұруға уәде берді.

Нұрлан Өнербаев, әнші:

-Алдағы өнер кештеріне, алдағы өнер жолына, үлкен бір азық, үлкен бір жолдама, сілтеме алған сияқты боласың. Бүгін мен соған тағы да куә болдым. Көрерменімнің ықыласына тағы да шомылғандай болдым. Сол үшін де көрермендерім, Алматыдағы тыңдармандарыма мың алғыс дегім келеді.