Жұлдыздар көлігіне VIP нөмір алуға қанша қаржы жұмсады?

Сообщить о проблеме с эфиром

Көлікке тағылатын VIP нөмірлерді үш жылдан бері сатылымға шығарған біздің мемлекет, 5,5 миллиардтан аса қаржыны қазынаға қосқан. Біздің жұлдыздар да, бұл «тауардың» саудасында аянып қалмағанға ұқсайды. Олар, темір тұлпарларының көрікті нөмірі үшін қанша қаражат жұмсады?

 777! Жеті санын қасиетті санайтын қазақ жұртының ең сұраныстағы нөмірі осы! Құны да соған сай – бес жүз мың теңгеге жуық! Дәл осы соманың жартысын төлеп, Аша Матай көрікті нөмірді көлігіне қадаған.

Аша Матай, әнші:

– Қарапайымдылықты қаламаймын. Шыны керек, зеркальный дейміз ғой. Айналы: 747! 7 саны мен 4 саны негізі жақсы сандар ғой, сондықтан 7 мен 4-і қаладым.

Ақан Сатаевтың темір тұлпарының «таңбасы» VIP санатында емес. Дегенмен, режиссер үшін бұл нөмірдің маңызы зор!

Ақан Сатаев,  режиссер:

– Менде 789 дейтін номер. Ол «Рэкетир» - дан келе жатқан сан болғаннан кейін, соны ғана параллель іздеймін.

Айырылмас дос Санжар Мәдиев пен Нұртас Адамбай үшін де «сұлу сандардың» әжептеуір салмағы бар! Дегенмен, олар қалтасын еш жұқартпаған.

Санжар Мәди, актер:

– Көлігімнің нөмірін 31-ші желтоқсан күні, сағат 18:30-да алғанмын. Кезектің соңында тұрған маған, МАИ қызметкерлері сол күні мерекелік сый жасап, 015 деген номір берді. Бұл үшін көк тиын да төлеген жоқпын.

Нұртас Адамбай, режиссер, продюсер:

Жасы менен әлдеқайда үлкен досым бар! Соның сыйлығы! Біраз, әжептеуір қымбат тұратын VIP нөмір.

Қайрат Әділгерейге VIP нөмір үшін құн төлеу, ақшаны желге шашқанмен тең!

Қайрат Әділгерей, әзілкеш, актер:

– Өзіме ыңғайлы, өзіме шақ! Көрпесіне қарай көсілу керек қой. VIP таққысы келсе, таға берсін. Мен ондайға аса мән бермеймін. Қарапайым шығармын...

Жұлдыздар көлікке көрікті нөмір тағу, мақтаныштан гөрі танымалдылық имиджіне сай болу деп сендіреді.