«Yuframe» - «Штат Небраска» мен «Jokeasses» - ті шаң қаптырған күн! «Видео бәйге – 2017» сайысы үздік ютуберлерді іріктеді.

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық Ютуберлер, блогерлер мен вайнерлердің де енді өз жүлде тапсыру салтанаты бар! Дәстүрлі қызыл кілем төселіп, үздіктер марапатталды. «Jokeasses» - тің «Зың-зың» хиті, «Штат Небраска»-ның пранктары әлде «Yuframe»-нің вайндары! Қайсысы оза шапты?

Ютуберлер мен вайнерлердің табынушылары нағыз ерлік танытты. Аязды ауа-райында бірнеше сағатқа кешігіп жеткен кумирлерін тапжылмай тосып, лайықты құрмет көрсетті.

Қазақстандық YouTube-тің тұрақты қолданушыларының саны – он миллионға жетіп жығылады. Бірақ, олардың сұранысын қанағаттандыратын контентті жасаушылар санаулы ғана! Сондықтан, арнайы «Видео бәйге» сайысы тұңғыш рет ұйымдастырылып, үздіктер сараланды. Алғашында Нұртас Адамбай, Ержан Рашев пен Ресейлік танымал блогер Максим Голополосовтар, жас ютуб каналдар арасында жеңімпаздарды анықтады.

Ал, атағы асқақ ютуберлердің ішіндегі үздігін көрермен дауысы анықтады. Жеңімпаздың есімі белгілі болғанға дейін, сахна сыртында вайнерлер өзара мықтының кім болатынын болжаған еді.

Жандос Тұңғышбаев, «Jokeasses» командасының вайнері:

– Осы жылға қарасақ ең үздік болып «Штат Небраска» каналы саналады. Себебі, олардың еңбегі зор болды менің ойымша.

Биназир Ермағанбетова, ютубер:

- «Шоу Ирины Кайратовны» және «Штат Небраска» каналдарын жасаушы қыз-жігіттер мен үшін мықты.

Ақсұлтан Қалиев, «ХаХа Шоу» каналының негізін қалаушы:

- «Штат Небрасканың», «Юфреймнің» жасап жатқан еңбектері өте қатты ұнайды. 15 – 20 жастағы балалар үлкен телевиязия, одан да үлкен жоғары деңгейдегі жобаларды жасап жатқаны, кез-келген жасқа мотивация береді.

Көпшілік «Штат Небраска» пранкерлерінің еңбегі еленеді деп күткенімен, оларға тек «Ютуб» -тің күміс тетігі ғана бұйырды. Бұл жүз мыңнан аса оқырманы бар каналдарға, міндетті түрде берілетін видеохостинг сыйы. Ал, жылдың үздік командасы «Yuframe» атанды.

«Yuframe» командасы:

– Тұрақты түрде қызықты контент ұсынып отыру керек. Бұл үлкен еңбекті, шыдамдылықты талап етеді. Біздің жетістігіміз командалық жұмыстың нәтижесі.

Екінші сатыдан «Зың -зың» хиттің жұлдызын жаққан «Jokeasses» көрінсе, үшінші орын – Русик Таксист командасына бұйырды.