«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында бір күндік демалыстың құны қанша?

Сообщить о проблеме с эфиром

 Ел мақтанышы «Шымбұлақ» – қазақстандықтар мен туристердің сүйікті демалыс орындарының бірі. Алайда, Қазнеттегі жұрт тау-шаңғы курортында демалудың құны биыл шарықтап кетті деп шуласты. Сырғанауға арналған киім мен жабдықтарды жалға алу қанша? Серік Ноянбайұлы зерттеп көрді.   

Алатау баурайының саф ауасында, серуендеу мен сырғанауды сүйетін қазақстандықтар және шет елдік туристер қыс түсе «Шымбұлаққа» ағылады.  Дегенмен, жұрт тау-шаңғы курортының бағасы жыл санап өсетінін айтады.

Владислав Семенов, тау-шаңғы курортының маркетинг бөлімінің жетекшісі: 

– Біз баға саясатын сақтай отырып, тау-шаңғы курортында сырғанау жолдарын ашып, үнемі жаңа қызмет түрлерін қосамыз. Шығын көп болса, бізге еуропадан туристер келмес еді.

Германиядан Алматыға жұмыс бабымен келген Йохан, қыстың әр демалыс күні  «Шымбұлаққа» тартады. Шаңғыға құмар неміс азаматына біздің баға қолайлы.  

Йохан, әуесқой шаңғышы (Германия):

-Немістер Швейцария мен Австрияға барады. Еуропамен салыстырсақ, Қазақстандағы баға қолайлы. Ол жақта бір күнге 90 еуро құртсаңыз, мұнда күніне 40 еуро шығындайсыз.

Немістердің орташа айлық жалақысы 3700 еуроны құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 141 мың теңге, яғни 357 еуро шамасында. Сондықтан, жерлестеріміз  «Шымбұлақ» пен Еуропаның тау-шаңғы кешендерін салыстырмауды сұрайды.

Бекарыс Жұма, әуесқой сноубордшы:

– Сноуборды киіммен бірге қаладан жалға алдық, шамамен 5 мың теңге болды, мұннан алған жағдайда қымбаттау шығады екен. 

Мирас Жұма, әуесқой сноубордшы:

– Айына екі рет келем көп дегенде. Бір келгенде 10-15 мыңдай кетеді.

Ересек адам «Шымбұлаққа» аспалы жолмен көтеріліп, шаңғы мен сноуборд және олардың киім-жабдығын жалға алса, демалыс күні 15000 теңгедей ақша жұмсайды. Тамақтануға да 2000-3000 теңге төлейсіз. Отандық туризмді қолдауға ниетті қарапайым халықтың жалғыз тілегі бар.  

Бекарыс Жұма, әуесқой сноубордшы:

– Адамдардың демалатын күндеріне қарай бағасы арзандау болса, Себебі, сол күндері халық көп тұтынады. Бағасы осындай күндері қымбаттау болып тұр.