Тастембековтен көңілі қалған Санда, қазақстандық продюсерлердің ұсынысынан бас тартып отыр!

Сообщить о проблеме с эфиром

Көңілім қалды. Бұл Тастембековпен ат-құйрығын үзіскен Санданың бүгінгі жай-күйі! Бикеш бұрынғы басшысының кесірінен, арадағы келісімшартты тосыннан тоқтатқанын айтқан-ды! Тіпті, талантты қыз бұдан былай отандық продюсерлермен жұмыс жасауға құлықсыз. Неге?!

Алғашқыда 7 жылға келісімшарт жасасқан Санда, Тастембековпен тіл табыса алмай, 3 жылдан кейін арадағы әріптестікке нүкте қойды. 

Санда, әнші:

-Бір инцидент болды. Оны айтқым келмейді. Сол үшін біз контракты бұзуға тура келдік. Бірақ, мен Қазақстандағы продюсерлермен жұмыс істеймін деп ойламаймын.

Осы жылы беделді продюсер Алтынбек Рахметов те, табысты жобасы Серік Ибрагимовпен қош айтысты. Алайда, қос тарап арадағы қарым-қатынасқа әлі күнге дейін сызат түспей сақталған деп сендірді.  

Алтынбек Рахметов, продюсер:

-Ұсыныс Серіктің тарапынан түсті. Жанұялы болды, балалы болды. Қазір жанымда ұстап, маңдайынан шертіп отыратын жағдайда емес ол. Сондықтан, қанаты қатайды деуге болады. Қанаты қатайғандардың ұядан ұшып кететін жағдайы бар. Оған біз дайын болдық.

Серік Ибрагимов, әнші:

-Негізі уақыт келді... Ойбай, кетіп қалыпты, бет көріспейді деген әңгіме емес. Сондықтан ағамыздың да, менің де бетім ашық. Кез-келген уақытта, кез-келген жерде жүзесіп, амандасып, сөйлесіп кете береміз.

Сондай-ақ, Алуа Қонарова да қанатының астындағы «Аюми» тобын таратты. 6 жылға жуық жұмыс жасаған қыздар ұжымы бүгінде бір-бірін қимай жүр.

Ақназ Сағындықова, «Ayumi» тобының әншісі:

-Бұл топта мен өстім. Көп жетістікке жеттім деп айтуыма болады. Сондықтан, қимаймын, жүрегімде ауырады, жанымда ауырады.

Баян да биыл «Лашын» тобын жауып, кейін «Кешьюге» келген Сараны аталмыш гелзбендтен шығарды. Сондай-ақ, Алагөзова Ерке қызды да дәл осы жылы ұясынан ұшырған болатын.

Баян Алагөзова, продюсер:

-Адам баласы 10 жылдың ішінде мектепті аяқтайды ғой. Дәл сол сияқты мен Еркемен тура 10 жыл жұмыс жасадым. Ол осы уақыт аралығында тәжірибесін шыңдап, көздеген мақсатына жете алды. Қазіргі таңда өнердің биігінде қалықтап жүргені мені қуантады.