Тарихи туындылардан жеңіл комедияға дейін! Биыл отандық киноқоржынға қандай фильмдер қосылады?

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық режиссерлардың жұмысы жыл өткен сайын жеміс беруде.  Биыл да, түрлі жанрдағы картиналар ұсынылмақ. Ақан Сатаев, Баян Есентаева, Нұртас Адамбаев, Нұрлан Қоянбаевтардың көрерменге не әзірлегені бар?

Нұртас Адамбаевтың былтыр қарқыны мүлде бәсеңдеп қалған-ды. Есесіне, 1-ші наурыздан Санжар Мәди, Гүлнәр Сильбаева және өзі басты рөлдерді сомдайтын   «Я жених» комедиясын отандық прокат көшіне қоспақ.

Нұртас Адамбаев,  режиссер, продюсер:

– Бұл қарапайым романтикалық комедия, бірақ ең басты құндылықтарды көрсететін боламыз.

Ізін ала былтыр таспалаған «Лифт» психологиялық драмасын, көрерменге тарту етуді көздейді.

Қазір «Елбасы жолы. Әлем эпицентрінде» туындысын таспалап жатқан Ақан Сатаев та, биыл қос картинасын киноқұмарлар талқысына салуға ниетті. Әуелі - «Бизнесмены» драмасын таныстырса, жыл соңында киноэпопеяны ұсынбақ.

Ақан Сатаев, режиссер:

- Елбасымен жүздесіп, кино туралы сөйлескенімізде ол кісі: «жақсы кино түсірсең болғаны» деген, тілегін ғана жеткізді. Менің де мақсатым көрерменнің көңілінен шығу.

Қанағат Мұстафин де нәтижелі жұмыс атқарды. Наурызда «Той любой ценой» фильмін, одан кейін «16 қыз»-дың жалғасы «Ең әдемі қыз» комедиясын жарыққа шығармақ.

Қанағат Мұстафин, режиссер:

-Аша мен Беріктің, жаңағы Айжан мен Бауыржанның балалары туады, егіз баласы болады. «16 қызды» солай аяқтап едік қой.. Енді, бұйыртса тұсаукесерден басталады кино!

Бұдан бөлек, Әсел Садуақасованың «Класстастар» комедиясын, Баян Есентаеваның «Сиситай» мюзиклін тамашалайтын боламыз.

Баян Мақсатқызы, продюсер, актриса: 

– Араққа сылқия тойып жүреді Алисам! Бірақ, мас әйелді сомдау қиын соқты. Режиссер менің бұл ойынымды мүлдем жаратпай тастайтын. Дегенмен, ақырында алқаш әйелді ойнап шықтым.

Нұрлан Қоянбаев продюсерлік еткен «Каникулы в Тайланде» туындысының да тұсауы биыл кесіледі.