Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жекте қанша табысқа кенелмек?!

Сообщить о проблеме с эфиром

«GGG мен Канелоның» қарымта жекпе-жегі бокс жанкүйерлерінің ұйқысын ұрлауда. Головкин жеңе ме, әлде Альварестің асығы алшы түсе ме?!  Қос былғары қолғап шебері қанша ақшаға кенелмек? Бұл кездесу қайда өтеді? Жауабын Серік Ноянбайұлы іздеп көрді. 

Головкин мен Альварестің қарымта кездесуін өткізуге, Лас-Вегастағы T-Mobile Arena мен Нью-Йорктің атақты Madison Square Garden аренасы таласуда. Қос боксшының Т-Mobile-да өткен алғашқы айқасына 22 358 адам, 26 миллион долларға билет сатып алған. Бұл аншлаг - аталмыш спорттық нысанда  өткен бокс кештерінің тарихындағы ең үздік нәтиже. Салыстырмалы түрде, тура осы аренада болған Мейвезер мен МакГрегор жекпе-жегін 14500 жан көрген.

«GGG мен Канелоның» рингтегі бірінші майданынан, НВО телеарнасы РРV қызметі арқылы 1,3 миллион сатылым жасап, 80 млн доллар қаржы тапқан. Промоутерлері, реванш сәтінде бұл көрсеткіш үш есеге өсуі мүмкін деп болжауда. Тең түскен алғашқы жекпе-жектен Головкин 25 млн, ал Альварес одан 10 млн долларға көп пайда тапқан болатын. Қарымта кездесуде екеуінің ганорарының саны да, кем дегенде 30 пайызға ұлғаймақ.

Орта салмақтың серкесі атанған қос боксшының, екінші мәрте қай аренада  жұдырықтасатыны алдағы 2-3 аптада нақтыланады. Букмекерлік кеңселер Головкин мен Альвареске тең коэффициент беруі ықтимал дейді бокс мамандары. «Канело» нокаутпен ұтам десе, Геннадий өз кезегінде жеңісіне сенімді. Мексикалық спортшы бәске The Ring журналының белбеуін тіксе, отандасымыз барлық тұжырымдағы чемпиондық атақтарын қорғайды.