Вайнерлер жарнама үшін қанша сұрайды?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Юфреймдықтарға» жарнама беру үшін 1 миллион теңгеңіздің болуы шарт. Ал қалған вайнерлер қанша сұрайды? Инстаграм мен интернет арқылы күн көріп жүргендер кімдер? Тілшіміз тарқатады.

Вайн түсіруді кәсіпке айналдырған «Картоп TV-дің» жігіттеріне жарнама бергіңіз келсе, қалтаңыздың біраз жұқарары анық. Бір тапсырыстың құны басы бүтін  жылқыға татитын көрінеді. 

Шәкәрім Абдоллаев, вайнер:

- Вайннан да бірдеңе түсу керек қой. Жылқыларын жетектеп келмейді, сондай бағада айтып жатқаным ғой.

Екі жыл бұрын жәй ғана қызығушылықпен басталған дүниенің, кейін пайда көзіне айналатыны үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті дейді олар.

Шәкәрім Абдоллаев, вайнер:

- Біздің видеомыздың көбісі негізінен жанұя, отбасы туралы болып келеді.

«Т» дегені Тараз, ал «jokers» - әзілқойлар. Бүгінде 350 мың оқырманы бар Тараздық жігіттер, бір-бірлерін мектеп қабырғасынан бері таниды екен.

Марғұлан Әден, вайнер:

- Біз Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыдық. Яғни, біз оған тек қана хобби ретінде қарадық. Біздің басты мақсатымыз сабақ оқу болды. Бос уақыт болған кезде, сабақтан шығамыз, бос уақытымыз болады. Сол кезде біз вайн түсіретінбіз.

Әлі де университетте оқитын «Тjokers» жігіттерінің, негізгі пайдасы бартерден. Киіну, дәмханадан ас ішу, жүріс-тұрыс қажеттіліктерін олар көбінесе заттай алады. Қаржыдан қысылса, ата-аналарының беретін көмегі бар.

Жансерік Қадырбаев, вайнер:

– Біз тек қана просмотр үшін жұмы істейміз. Бізге ақша қызық емес, өйткені шүкір үйдегілерден алып отырмыз. Бізге көп пайда әкеліп жатыр, оны жасыратын несі бар. Реклама қазіргі вайнерлердің негізгі табыс көзі.

Түлкі заманда, тазы боп шалып нәпақаларын айырып жүрген бұл жігіттер, келешекте тек вайндармен шектелмейміз деп отыр. Жоспарлары да әзірге құпия! Бірақ, жұртты таң қалдыруға уәде берді.