«Асыл» тобы қобызды теннис ракеткасына алмастырған ба?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Артық салмақты қосып алмау үшін «Асыл» тобының арулары да күндіз-түні жұмыс жасап жатыр. Әдетте көктем келсе нәзік жандылар фитнеске асықса, ал қобызшы қыздар теннис залында тер төгіп жүр. Спортты жанына серік еткен сұлулардың жаттығуын, тілшіміз көріп қайтқан болатын.

Мүсіні әрдайым мінсіз болуы үшін, «Асыл» тобындағы әншілер жылдың төрт мезгілінде де салауатты өмір салтын ұстанады екен. Ал, тенниске аңсары ауған арулар, соңғы бір айда аталмыш спортпен белсенді түрде шұғылдана бастаған.

 Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі:

- Қызығушылығымыз бәріміздің бірдей. Бірақ, арамызда Анарада жақсы көрсеткіш пайда болған сияқты. Ол бізді де алға жетелейді. Сондықтан да жаман емес жалпы.

Анар Аязбаева, «Асыл» тобының әншісі:

- Биге икемім жоқ болса да, спортқа икемім жақсы. Бала кезімде тхэквондоға қатысқанмын. Сол үшін де маған спорт түрлері жеңілірек.

Әріптестер арасында Анар көш бастап тұрса, қатарға қайта қосылған Ғалия керісінше кейбір жаттығуларды жіберіп алады. Себебі тұрмыстағы бикештің өзге құрбыларына қарағанда атқаратын жұмыстары көбірек. Бүгін спорт залға екі жасар ұлын ерте келіпті. 

Ғалия Мұратова, «Асыл» тобының әншісі:

- Барынша келуге тырысамын. Енді бүгін кішкентайыммен келіп қалдым. Өйткені отыратын адам болмай қалды.

Қобызшы қыздардың теннис залында тер төгуі тегін емес. Біріншіден бұл спорт сұлулардың дене сымбатын сақтауға көмектессе, екіншіден өнерпаздар арасындағы додада топ жаруға мол мүмкіндік береді деп отыр.

«Асыл» тобы:

- Өнер адамдарының арасында сайыс ұйымдастырып қалуы мүмкін, иә? Ол да бір қызық, ол да бір басқа жағынан, басқа қырынан дамыту дегендей. Сондықтан да дайын болып жүрейік, неге оны да көрмеске?!

Алдағы уақытта жұлдыздар арасындағы сайыс ұйымдастырылса, «Асылдық» арулардың басты бәсекелесі Гүлназ Жоланова болуы мүмкін. Бүгінде теннис спортының терминдерін жаттап, әр күнін дайындыққа арнаған актриса, «оңай шағылатын жаңғақ емеспін», - деп отыр.

 Гүлназ Жоланова, актриса:

- «Фо-хэнт, Бэ-хэнт» по-моему! Оң мен сол! Нақты терминдерге жеткен жоқпыз. Әзірге үйренгеніміз осы. Меніңше бастысы жарты жылдай тиянақты, күнделікті келу. Одан кейін өзің үшін ойнауға болатын сияқты.