Оскар марапатының жеңімпаздары анықталды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Лос-Анджелесте киносүйер қауым сарыла тосқан әйгілі Оскар марапаты табысталды. Сонымен, жеңімпаз атанғандар кімдер? Жауабын тілшіміз біліп көрді.

Қызыл кілемде бой көрсеткен сұлулардың барлығы дерлік, ұзын көйлекке таңдау түсірген. Мұндағы әрбір актриса әсем образымен, айтулы салтанаттың жұлдызына айналғысы келгендей. Тіпті, көптен күткен күнге деген дайындық, көбісін қажытқан көрінеді.

Эллисон Дженни, актриса:

- Бүгінгі шарадан соң, аздап тынықпақпын. Жұмысты ысырып, демалуым қажет. Итімммен серуендеп, қалаған тағамымды жеп деген сияқты.

Жүргізушілік тізгінді қолына алған Джими Киммел болса, өткен жылы жеңімпаз есімін шатастырғанын еске түсіріп, әзілдеп те үлгерді.

Джимми Киммел, кеш жүргізушісі:

- Егер сіздің есіміңізді атаған болсам, орныңыздан тұрмай ақ қойыңыз.

90-шы рет өткізіліп отырған Оскар марапатының биылғы жеңімпазы - «Форма воды». «Ең үздік фильм» атанған картина, одан бөлек тағы үш мараптты қолтықтап қайтты.

Гильермо Дель Торо, режиссер:

- Фэнтези жанры арқылы, қазіргі заманда болып жатқан өзекті оқиғаларды көрсетуге болатынын дәлелдегім келді. Қолымнан келген сияқты.

Ал, «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» картинасындағы жемісті еңбегі үшін Френсис Макдормэнд пен «Темные времена» фильміндегі тамаша образы үшін Гэри Олдман «Үздік актер» жүлдесін еншілеп қайтты.

Гэри Олдман, актер:

- Жүлде үшін бәріне алғысым шексіз! Әсіресе, жасы Оскар марапатынан да үлкен анама көп рахмет! Ертең ол 99-ға толады! Дәл қазір теледидарды тамашалап отырған жайы бар. Анашым, шәй қоя беріңіз! Мен үйге Оскармен ораламын.

Мүсінше еншілеп жақындарын қуантқандар арасында, Эллисон Дженни мен Сэм Рокуэлл де бар. Қос өнерпаз «Екінші пландағы үздік актер» аталымында өзгелерден оза шапты.

Ал, анимация саласында талмай еңбек етіп жүрген режиссер Ли Анкрич болса,  «Тайна Коко» туындысы үшін Оскар марапатын алып қайтты.

Ли Анкрич, режиссер:

- Мексиканың көркем мәдениеті мен керемет дәстүрінсіз, «Коко» анимациялық фильмі де болмас еді. Рахмет барлықтарыңызға!