«Томиристі» сомдайтын шәкіртіне Мөлдір Әуелбекова қарсы болды ма?!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Томиристі» таңдауда ұзақ уақыт іріктеу жүргізген Ақан Сатаев, алғашқыда Альмира Тұрсынды таныстырды, кейін сақ патшайымның 15 жастағы кезін сомдайтын Салтанат Серкебаеваны көпшілікке көрсетті. Алайда, «Назар» тобымен келісімшартқа отырған жас актрисаның, киноға түсуіне Мөлдір Әуелбекова рұқсатын бермесе керек...

Ақан Сатаев «Томирис» картинасында, жаужүрек сақ патшайымның өмір жолын сомдауға жалпы сегіз актрисаны таңдамақ. Басты рөлге Альмира Тұрсын бекітілсе, Салтанат Серкебаева Тұмар ханымның бойжеткен кезін ойнайды.   

Салтанат Серкебаева, «Назар» тобының әншісі, актриса:

- Кастинг 2017-ші жылдың 15-16 мамырында өткен болатын. Сол уақытта мен кастингтен өттім. Сол кезде маған тапсырма берген. Қасыңды жұлма, шашыңды қима, бояма, тиіспе деп, сол кезде тапсырмалар беріп қойған.

Салтанат іріктеуден сүрінбей өткенін іштей сезсе де, күні кешеге дейін ет-жақындарына жұмған аузын ашпаған. Өйткені, түсірілім тобының талабы сондай. Ал, ресми түрде рөлге бекітілгенін режиссер жақында ғана хабарлады. Бірақ, Мөлдір Әуелбекованың қол астында ән салатын аруға, продюсері бірден рұқсат бермепті. Себебі, қос тарап 7 жылдық келісімшартқа қол қойған.

Салтанат Серкебаева, «Назар» тобының әншісі, актриса:

- Басында негізі ол кісі ойланып, ал біз сені жібермесек қалай болар екен деп бір ойланып қалды. Бірақ, одан кейін Алла сәтін салып, жіберіп, батасын беріп, жақсы өнеріңді көрсет деп, өз батасын берді. Өзі бала кезімнен армандап келе жатқан осы рөлім еді. Осындай типті. Өте қуанышты болдым.

«Назар» тобы:

- Салтанаттың фильмге өткенін естіген кезде барлығымыз бір көлікте отырған болатынбыз. Өте қатты қуандық. Шыңғырып, құттықтап, Салтанатты құшатқап сүйген болатынбыз.

Салтанат Қарағандының қызы. Бүгінде Елордадағы Еуразия Ұлттық университетінде «биотехнология» мамандығы бойынша білім алуда. Кәсіби актриса болмаса да, сұлудың түсірілім алаңынан тәжірибесі бар болып шықты.  

Салтанат Серкебаева, «Назар» тобының әншісі, актриса:

- Ресей мемлекетінің «Ералаш» деген әзіл бағдарламасы секілді, осы қазақтың әзіл бағдарламасына түскен болатынмын. Сол кезде бірінші рет актриса ретінде сынап көрдім.

Ал, «Томиристің» бойжеткен кезін бейнелейтін түсірілім жұмыстары, 27-ші наурызда басталмақ!