Марсель ел намысын «Украина дауысы» жобасында қорғамақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақстандық тағы бір талант еуропалық аренаға шықпақ! Бұл жолы еліміздің намысын қорғайтын –  Марсель! Өнер иесі «Украина дауысы» жобасына жолдама алыпты. Шетелдік шоуға деген әншінің әзірлігі жайлы Серікқазы Аязбаев айтады.

Қазақстандық тыңдарманға дәл осы әнімен жақынырақ танылған Марсель, келешекте әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың қатарынан көрінуге ниетті. Әнші жігіт «Украина дауысы» жобасының биылғы маусымына жолдама алыпты.

Марсель, әнші:

- Осыдан бірнеше ай бұрын аталмыш шоуға қатысуға өтініш білдірген едім. Олар менің әндерімді тыңдап, өнеріме оң бағасын берді.  Жақында жоба ұйымдастырушыларынан жақсы хабар келді. Кастингтен өттім. Енді «көрмей тыңдау» кезеңіне барамын.

Қазіргі таңда, қарқынды түрде дайындыққа кіріскен әнші, шет елдік шоуға ағылшын және орыс тілдерінде төрт тректі әзірлеп қойған. «Украина дауысында» әлемдік шлягерлерді шырқайтын Марсельдің өнерін, танымал продюсер Патап пен «Евровидение-2016» халықаралық ән байқауының жеңімпазы Джамала бағалайтын болады. 

Марсель, әнші:

- Маған бұл тележоба өте қатты ұнайды. Әр эфирін жібермей қараймын. Ол жерде таланттылар өте көп. Жалпы, Украина Еуропа жақын ғой. Қызығушылығымды оятудың басты себебі де осы шығар.

Марсель – қазақстандық шоу-бизнесте әр тректі таңдап, талғап жазатын өнерпаздардың бірі. Музыкант үшін саннан гөрі, сапа маңыздырақ. Сондай-ақ, орынаушының отандық эстрадада сүйіп тыңдайтын әріптестері де санаулы ғана.  

Марсель, әнші:

- Мен Рүстем Нұржігіттің шығармашылығын жоғары бағалаймын. Дильназ Ахмадиеваның өнеріне тәнтімін. Жастардың ішінен Серік Гамза-Заденің дауысы мен таңдаған бағыты ұнайды.

Сондай-ақ, Марсель жаңа альбомын дайындау үстінде. Әнші «Уақыт» деп аталатын күйтабаққа 12 тректі тоғыстырыпты. Жуырда үнтаспаның тұсаукесері!