Патрик Аллотей өзін жеңген Қанат Исламмен реваншты қалайды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Менің жеңісімді ұрлады! Бұл – 2016 жылдың қазан айында Қанат Исламмен жұдырықтасқан Патрик Аллотейдің айтқаны. Алматыда өткен сол бокс кешінде, төрешілер жеңісті бірауыздан Қанатқа берген еді.. Енді қандасымызды, Ганалық кәсіпқой қарымта айқасқа шақырып отыр.

Патрик Аллотей, кәсіпқой боксшы (Гана):

-Мен Қанаттың жекпе-жектерінің бейнежазбасын қарадым. Зерттедік. Олимпиадаға қатысқанын білемін. Осал боксшы емес екені белгілі. Бірақ мен Қазақстанға тек жеңіс үшін, белбеулерді алып кетуге  ғана келдім.

Бұл 2016 жылы Қазақстанға Қанатпен жұдырықтасуға келген ганалықтың, жекпе-жек алдындағы сұхбаты еді. Сол жылдың 29 қазанында «Алматы Аренада» өткен кездесуінде, төрешілер шешімімен Патрик Аллотей жеңіліс тапты. 

7 сәуірде өз елінде кезекті қарсыласын нокаутқа түсіріп, аймақтық WBO белбеуін иеленген «Улы жебе» «Қазақты» қайтадан есіне алды. Мен сол жолы Алматыда тоналдым деген Аллотей, қандасымыздан қарымта айқас сұрап отыр. Бұл бокс әлеміне тән құбылыс. Ал, Қанат Патрикпен өткен жекпе-жегінің неге 12 раундқа созылғанын былай түсіндірген еді. 

Қанат Ислам, WBO Intercontinental белбеуінің иегері:

–Білесіздер бүгінгі қарсылас өте жоғарғы деңгейде. Екінші, үшінші раундта екі қолым бірдей кетті, шынын айтқанда. Өзім ойладым сынған шығар деп. Қатты соққылар жасауға мүмкіндік болмады. Сондықтан мен оны он екі раундқа дейін шаршатып, соған жұмыс жасадым.

Қанат Ислам бүгінде The Ring журналының пайымымен, 2017 жылдың «ең үздік менеджері» атанған Эгис КлИмаспен келісімшартқа қол қойған. Жерлесіміз қазір АҚШ-та  жаттығып жүр, оның Патрик Аллотеймен реваншқа шығуы екіталай. Себебі, Қанаттың командасының көздегені әлем чемпионы белбеуіне қол жеткізу. Әзірге, олар Аллотейдің айыбына жауап айтқан жоқ!