Буффонның бағын байлаған қызыл қағаз!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әйгілі қақпашы Буффонның қызыл қағаз бағын байлады! Роналдудың соңғы минутта соққан пенальтиі әділетті ме?! Чемпиондар Лигасының жартылай финалына жолдама алған «Реал» жанкүйерлері, мұны әрине құптайды. Бірақ, «Ювентус» фанаттары қатты қапалы! 

Алғашқы матчта өз үйінде мадридтік клубтан 0:3 есебімен ұтылған «Ювентус», «Реалдың» алаңында командалық рухының мықтылығын дәлелдеді. Жеңіс үшін жан пида деген Буффон бастаған туриндік футбол ұжымы ерлік көрсетіп, үш гол соқты. Сантьяго Бернабеу стадионында сенсация тіркелуіне де сәл-ақ қалған. Алайда, матч тағдырына түбейлі нүкте қойған Роналдудың голы, «Реалды» Чемпиондар Лигасының жартылай финалына алып шықты.

Қос команда жанкүйерлері, жеңімпаз овертаймда анықталар деп ойлаған. Бірақ, «Ювентустың» айып алаңында ойын тәртібі бұзылды деген төреші, матчтың ақырғы секундтарында пенальти белгіледі. «Реал» сұрмергені Роналду мұндай сәтті мүлт жіберген бе?! Екі матчтың қорытындысы 4:3! 40 жасар әйгілі қақпашы Буффон қазымен жағаласам деп қызыл қағаз алды. Енді, оның Чемпиондар Лигасының кубогін ұтсам деген арманы көзден бұл-бұл ұшқандай. 

Мадридтегі драмамен қатар өткен «Бавария» мен «Севилья» арасындағы ойын аса шытырманға толы болған жоқ. Мюнхендік команда өз үйінде, испаниялық ұжыммен тең ойнап, қонақта қол жеткізген 2:1 нәтижесінің арқасында, Чемпиондар Лигасының жартылай финалына жолдама алды.