Эми Шумердің кезекті комедиясы жарыққа шықты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әрбір әйел кемшіліктеріне қарамастан, өзін-өзі жақсы көруі тиіс! Эми Шумер кезекті комедиясының тұсаукесерінде, аруларға дәл осындай үндеу тастады. Ал, әзілкеш актрисаны қолдағандар қатарынан Эмили Ратаковски мен Мишель Уильямс те табылды.

Рене есімді ару келбетінің келісті, мүсінінің мінсіз болмағаны үшін көпшілік ортада төбе көрсетуге ұялады. Артық салмақтан арылуды армандаған ол, спортпен шұғылдануды жөн көреді. Алайда, ойлағаны жүзеге аспай, кейіпкер келеңсіз оқиғаға тап болады.

Жаттығу залында миына зақым келген Рененің, дәл осы сәттен бастап өзіне деген сенімділігі артып, арудың өмірі оң өзгеріске ұшырайды.

 «Өзімді сұлу сезінемін» картинасында басты рөл бұйырған Эми Шумер, фильмнің тұсаукесерінде әрбір әйелді кемшілігіне қарамастан өзін-өзі жақсы көруге шақырды.

Эми Шумер, актриса:

-Комедияны тамашалаған көрермен күліп қана қоймай, оның түп мағынасын түсінеді деп үміттенемін. Нәзік жандылардың әрқайсысы өздерін жақсы көруі керек.

Әзілқой актриса Эмиден өзге, таныстырылымға өнерпаздың өзге әріптестері де қатысқан еді. Мишель Уильямс, Эмили Ратаковский, Том Хоппер, Рори Скавел де қызыл кілемнен табылды.

Эбби Конн, режиссер:

-Адамдардың көбісі, картинаны тамашаламастан, трейлерді қарап жеңіл-желпі туынды деп ойлады. Алайда, енді толық картинаны көрген соң, комедия көпшіліктің көңілінен шығады деп үміттенемін.

Ал отандық киносүйерқауым, комедияны мамырдың жетісінен бастап, үлкен экрандардан тамашалай алмақ!