Алатау баурайында өткен марафонда шетелге жолдама алған актер кім?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Алматы марафоны - жетістікке жетелейтін жол! Оңтүстік астанамызда өткен қайырымдылық шарасы, талай танымалдардың арманын орындаған. Бұл тізімде Америка мен Еуропаға жолдама алған жұлдыздармен қатар, тіпті сырқатына дауа тапқандары да бар.

Жыл сайын өтетін «Алматы Марафон» 7-ші мәрте жалауын көтерді. Таңның атысымен алаңға жиналған қатысушылар 3, 10, 21 және 42 километр қашықтықта бақ сынады. Биыл бұл шарада танымалдар да белсенділік танытқан. Мәселен, Әнуар Нұрпейісов үшін жеңіл атлетиканың биігін бағындыру - бала күнгі армандарының бірі.

Әнуар Нұрпейісов, актер:

-Өйткені мен күн сайын 5-7 километр жүгіремін. Бірақ, 10 километр мен үшін өте ыңғайлы әрі оңай дистанция болды. Жүгіруде, жеңіл атлетика саласында мен қала чемпионатында мектептің атынан қатысқанмын. Және де жүлделі орындарға ие болғанмын. 

Марафоншылар сапында тележүргізуші - Дина Төлепберген де бар. Бала кезінде «жүрек ақауына» байланысты дене шынықтыру сабағынан шеттетілген ол, салауатты өмір салтының арқасында сырқатын дер кезінде жеңе білген. 

Дина Төлепберген, тележүргізуші:

-Спортқа қатысу арқылы кез-келген дертті жеңуге болатынына көзім жетті. Мінекей өздеріңіз көріп отырсыздар, менің жүрегімде сәл ақау бар болса да, дәрігерлер маған тыйым салса да, 10 километр қашықтықты емін-еркін жүгіріп өттім.

Ал, шоу-бизнес өкілдері үшін ерте тұру, басты мәселеге айналғаны қашан..? 

Әзім Саидбаев, актер:

-Шоу-бизнес пен спортты қатар алып жүру өте қиын. Бұл сөзімді кез-келген әріптестерім растайтын шығар. Мен күнделікті таңғы 6-да тұрып жүгіремін. Одан кейін сағат 10-11 ге дейін ұйықтап, түнге дейін шығармашылықтағы жоспарларымды іске асырамын. 

 Максим Акбаров та дәл осы спорттық шараның тұрақты қатысушысы! Бұл жолы 10 шақырымға жүгірген актер, алдағы уақытта шет елдік марафондарда да бақ сынауға ниетті!

Максим Акбаров, актер:

-Енді, Астанада өтетін қос марафонға қатысамын. Содан кейін, жаз айларының бірінде Қазақстанның тағы бір қаласында жүгіремін. Күзде АҚШ-қа аттансам, қысқа қарай Еуропадағы марафонда бой көрсетуді жоспарлап отырмын.

Биыл Алматыда өткен ауқымды спорт шарасына әлемнің 38 елінен, 14 мыңға жуық марафоншылар қатысқан!