«Алматы Барысы» сайысында жас палуан жеңіске жетті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Күні кеше өткен «Алматы Барысы» сенсацияларға толы болды. Боз кілемге шыққан палуандардың бірі 90 келі тартса, қарсыласы 130 келіге дейін барады. Күш атасын танымайтын Қазақша күресте салмақ маңызды емес. Ең қызығы, азулылардың бәрін жыққан жас жігіт чемпион атанды.

Жыл сайынғы «Алматы барысы» оңтүстік астаналықтарға тартысты белдесулер мен тартымды шоу-бағдарлама ұсынып келеді. Алтын белбеу үшін боз кілемге Алматының 8 ауданынан келген үздік 24 балуан өзара бақ сынасты.

Ұлан Рысқұл, «Қазақстан Барысы» жүлдегері:

– Жас палуандар өсіп келе жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, «сен тұр мен атайын» деген палуандардың барлығы осы жерде белдесіп жатыр. Мысалы 90  кг шығып 130-140 кг палуанды лақтырып жіберетін, сол күш атасын танымас деген.

Сом білекті жігіттер үшін, сайыста салмақ дәрежесі аса маңызды емес. Алғашқы айналымдардан-ақ, 12 жұп палуан жарыс жолындағы әр белдесуі тартысты. Жеңімпазға су жаңа темір тұлпар бұйырса, өзге жүлдегерлердің де алар сыйақысы қомақты.

Жартылай финалда сүрінген Жайдар Сайлаубаев үшінші орын үшін болған күресте Елдар Насиевтен басым түсті. Ол қола белбеу мен 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Байрақты бәсекенің ақтық мәресінде, былтырғы чемпион 132 келілік Руслан Абдразақов пен 122 келілік Дәурен Нуралинов күш сынасқан еді. Қарсыласын таза ұтқан шәкірті, ұстазынан озды!

Дәурен Нуралинов, «Алматы Барысы-2018» жеңімпазы:

-Руслан Әбдіразақов деген өте даңқты палуан, оны танимыз, біздің ағамыз.. Кезінде бізді күреске үйретіп жүрген кісі еді, бүгін оны ұтып осындай қуанышқа бөленіп жатырмын.

Руслан Әбдіразақ,  «Алматы Барысы-2018» жүлдегері:

- Екеуміз «Алматы Барысында» ақтық сында, «Қазақстан Барысында» алғашқы айналымда шыққан болатынбыз.. Сол кезде мен жеңіске жеткем.. Осы жолы өте мықты дайындықта келген деп ойлаймын.. Енді тәжірибенің бәрі жетіп, сәттілік пен тек  бақ жетпей қалған шығар.

Алтын және күміс белбеуді еншілеген қос палуан, биылғы Қазақстан Барысында Алматы намысын қорғайтын болады!