Іріктеуі күшейген «Бала дауысы» ән байқауы!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жыл сайын жас өрендердің басын қосатын «Бала дауысы» байқауының, биылғы іріктеуінде талаптар күшейтілген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, осы жылы хиттерді орындауға рұқсат жоқ. Мәселен, Ерке Есмаханның «Қайда» әнін шырқаған қатысушы, қазылардан қатаң сөгіс естіген көрінеді.

«Бала дауысын» ұйымдастырушылар бұрындары еліміздің әр аймағында арнайы іріктеу жүргізсе, биыл онлайн-кастинг арқылы 3 мыңнан астам үміткерлердің ішінен 80 қатысушыны таңдаған. Қазылар алқасын таңдай қақтырған 18 өнерпаз ғана финалға жолдама алады.

Нұрайым Қабділ, қатысушы, Астана қаласы:

-Мен «Бала дауысы» жарысына үшінші рет қатысып жатырмын. Енді, осы жылы жеңіске жетемін деген ойдамын. Және де жеңіске жетемін.

Иә, жас таланттар репертуарына шет елдік шығармаларды, халық әндерін және тойдың көркін қыздырған отандық хиттерді ді қосыпты. Алайда, Ерке Есмаханның «Қайда» әнін орындаған мына кішкентай қыз қазылардың қатаң сынына ұшырады.

Майра Мұхамедқызы, опера әншісі:

-Хит әндер конкурстың бағдарламасы емес. Қайда барса да. Сондықтан, бәрібір әнші боламын деген адам, өзіне сондай биік талап қоя білу керек. Хит ән ол бәрібір тойдың әні. Ол сахнаға үлкен жұлдыз болуға, ешқашан жетелемейді...

Ал, Әсет Арыстанбек таланттарды тануды жаңылмайтын тәлімгер. Өткен жылы «Алаулық» әншінің шәкірті, «Бала дауысы» байқауының бас жүлдесін еншілеген еді. Бүгін де үздіктерді сырттай бақылып отыр.

Әсет Арыстанбек, «Алау» тобының әншісі:

-Бір қыз бар. Ол қыз бірден таң қалдырды мені. Өйткені вокал жағынан да, харизма жағынан да, қимыл жағынан да нағыз әртіс! Нағыз әртіс!

Бұл байқауда әртістік қабілет аздық етеді. Пысықтығымен көзге түскендердің вокалы көңіл қуантарлықтай болмай жатыр...

Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші, композитор:

-Енді артистизм дегені, бір бала емес 10 балаға татып тұр. Бірақ вокал жағынан кішкене нашарлау болып тұр.

Сейдоллаұлын селт еткізген дәл осы өрен. Бақдәулет бүгін сүрінбей өтсе, финалда жеңіске жететініне сенімді.

Бақдәулет Таңатаров, қатысушы, Көкшетау қаласы:

-Жеңіске жету үшін өзіне сенімді болу керек. Қорықпау керек. Мықты ән айту керек. Және де ешқашанда жеңілмеу керек.

Ал, «Бала дауысы-2018» байқауы өз үздіктерін, желтоқсан айында өтетін ақтық сында анықтайтын болады.