Шоу-бизнес өкілдері отандық туризмді қолдай ма?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық шоу-бизнес өкілдері, жаз келсе қол жүгін жинап, демалысқа барып қайтуды өзіне парыз санайды. Өнер иелерінің көпшілігі бағасы қолайлы әрі сапасы жақсы деп, шет елдік курорттарды таңдауға құмар. Ал, Ерке Есмаханның, Бурабай мен Алакөлді менсінбейтін кей әріптестеріне айтары бар.

Бүгінде жұлдыздар арасында отандық туризмді дамытуға ат салысайық деген сөз жиі айтылады. Алайда, олардың көпшілігі туған жердің әсем жерлерін аралаудан гөрі, шет елге барып, дем алуды құп көреді. Себебі, еліміздің курорттық аймақтарының құны, қалталарына ауырлық салатыны бар.

Артур Төлепов, әнші, актер:

-Шет ел ол шет ел ғой. Өзіміздің отандық туризм, Бурабай, Алакөл бар. Барлығы кем түспейді тек қана баға жағынан, сервис жағынан сәл-сәл бір төмен болмаса.

Ал, досы Артурдың сөзімен бірден келіскен Бауыржан Сатов болса, арзан демалудың тиімді әдісін тапқан.

Бауыржан Сатов, актер:

-Ең тиімді арзан деген, шет елге барып дем алу, ол бір 1000 доллар болады. Мысалы, қыста Тайланда өте көп адам барады. Ол жерде бартер деген нәрсе болуы мүмкін. Бартер да бар, адам өз ақшасына да барады. Тиімді бағаны іздейді.

Әріптестерінің бұл ұстанымымен мүлдем келіспейтін Ерке Есмахан, Қазақстанның табиғаты, әлемнің еш кереметінен кем емес дейді.

Ерке Есмахан, әнші:

– Бурабайда өзіміздің Сарығашта деген сияқты. Қатты сын көзбен қарамайсың ғой ол жақта. Қазақпыз, бәріміз бауырмыз. Қызмет көрсету жағы, басқа жағы бір керемет деңгейде деп айта аламын.

Еркенің насихаты мен жарнамасына елең етпес өнер өкілдері де жоқ емес. Дегенмен, бір жылдық тынымсыз еңбектен соң тынығуды қалайтын жұлдыздар, әлі де шекара асуға құмар.