«Ревю» бұл маусымда қандай жаңалықтарды жұртқа жедел жеткізді?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Эксклюзив – алғашқы айтылған ақпарат көзі. Ал оны жұртқа жедел жеткізу үшін, БАҚ өкілдері күндіз-түні тер төгеді. Осы маусымда «Ревю» тілшілері де сүйікті көрермендеріне, отандық және жаһандық жұлдыздар жайлы жаңалықтармен бөлісуде барын салды. Сонымен, біз бірінші білген шоу-бизнес деректеріне Серікқазы Аязбаев шолу жасамақ.

Тентектігімен жұрт назарында жүретін Төреғалидың, БАҚ өкілдерін көрсе ат тонын ала қашатыны бар. Өйткені, өнерпаз жігіттің журналистер тарапынан жолданған сауалдарға жүйкесі шыдамайды.

Ашуға булықса, үлкен-кішіге қарамайтыны тағы бар. Мәселен, Алматыда «айхайлатып» 25 жасын, кейін дүбірлетіп тойын өткізуге жәрдемдескен Жан Мұқановпен қырғи-қабақ қоштасқанын, продюсер бірінші бізге хабарлаған еді.

Жан Мұқанов, продюсер:

- Рас бұзылды. Енді менсіз де сол той жақсы өтті ғой. Рас жағдай қиын болды. Екі жыл болды бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға, қазіргі уақытта жұмыс істемейміз.

Төреғали сәлден кейін Қоразбаевтың қаһарына ұшырады. Атышулы әнші Алтынбек ағасын алдап кеткен.

Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі:

-Бір тиын-тебен үшін мені айырбастап кеткені үшін мен емес, менің елім кешірмейтін шығар оны.

Айтпақшы, «Орда» тобында ән салған Рүстем Оразбековті де біз таптық. Талай арудың арманына айналған өнер иесі, 7 жылдан кейін фанаттарына жеке өміріндегі жаңалықтарын жеткізді.

Рүстем Оразбеков, «Орда» тобының экс-әншісі:

-Сәуле деген келіншегім бар. Әмина мен Абзал деген кішкентай бүлдіршіндерім бар. Бүгінде Әмина 5 оқиды, Абзал 3-ші сыныпта.

Осы уақытқа дейін бірге сұхбат беріп көрмеген Дәурен мен Ақбота да, бақытты екендерін айтып, алғаш рет біздің бағдарламаға ағынан жарылған-ды!

Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:

-Енді, ортақ баламыз болған соң, елге күлкі болмайық дедік те, екеумізде осы шешімге бел будық.

Ал, Айқын мен Жұлдыздың жұптасқанын жұрт жақсы біледі. Тіпті олардың ортақ некесінен бір ұл өсіп келеді. Десек те, құпияның ашылар сәті қыр астында екенін, Өмірғалидың өзі «Ревю» арқылы астарлап айтқан еді.

Жұлдыз Өмірғали, әнші, актриса:

-Тағы кішкене шыдай тұрсаңыздар! Осы жаздың аяғында мүмкін берерміз. Кішкене ғана күте тұрсаңыздар!

Сондай-ақ, Ерке Есмаханның кинопродюсер әрі актриса ретінде атқарған дебюттік картинасындағы кадрлар, бірінші болып «РЕВЮ» камерасының объективіне іліккені де ел есінде!