Дүркіретіп той жасаған Айқын мен Жұлдыз жұрттың сынына ұшырады.

Сообщить о проблеме с эфиром

Біз біргеміз! Иә, Айқын мен Жұлдыз бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп жатқандарын растады. Жыл бойы жеке өмірлерін жұмбақ ұстаған жұп жұрттың сансыз сауалынан шаршаса керек, күні кеше ұлдарының 1 жасын көпшілікпен бірге атап өткен.

Жұлдыз Өмірғали, әнші, актриса:

Тағы кішкене шыдай тұрсаңыздар! Осы жаздың аяғында мүмкін берерміз. Кішкене ғана күте тұрсаңыздар!

Жұлдыз соңғы сұхбатында: «Жұртты қызықтарған сауалдың жауабын, жаз айының соңында береміз», - деп сендірген еді. Айқынмен жұптасқан бикеш сөзінде тұрды. Кеше Төлепберген кенжесінің туған күнін ет жақындары мен әріптестерінің арасында тойлап, екінші мәрте шаңырақ көтергенін жария етті.

Санжар – Айқын мен Жұлдыздың ортақ некесінен туған. Бұл балақай өткен жылдың 24-ші тамызында дүниеге келіпті. Атышулы жұптың қуанышына ортақтасқан оқырмандардан гөрі, олардың бұл қадамына кереғар пікір білдіргендердің саны басымдау екені байқалады...

Айқын Төлепберген, әнші:

Менің өзімнің жеке өмірім бар. Менің уақытым жоқ, мыналар не істеп жатыр екен деп, біліп, сұрап, комментарий жазып оған, маған ол қызық емес. Сондықтан, біреудің жеке өміріне араласып, комментарий жазатын адамның жеке өмірі жоқ деген сөз!

Иә, көпшілік сарыла күткен құпияның құлпы ашылды. Бүгінде Айқын мен Жұлдыз ерлі-зайыптылар. Күні кешеге дейін талай мәрте сынға іліккен жұптың, енді тыңдармандарына айтар бір ғана өтініші бар.

Айқын Төлепберген, әнші:

Жеке өміріме ешкімнің араласпауын сұраймын. Себебі оның аты - «жеке өмір»!

Айта кетейік, Айқынның бірінші отбасында Аңсар атты атұстары мен Асылым есімді кішкентай ханшайымы өсіп келеді.