Almaty Film Festival өз жеңімпаздарын анықтады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Almaty Film Festival өз мәресіне жетті. Сонымен, кіл жүйріктің ішінен «үздік киногер» атанған кімдер? Айтулы шараға келген шетелдік беделді режиссерлердің, елімізде кино түсіреміз деп кеткені рас па?

-Міне, 5 күн кино меркесі, бірінші Алматы кинофестивалі өз шыңына жетті.

Дәл осылай, көптен күткен фестивальмен қимай қоштасқан Ақан Сатаев, ең әуелі келген қонақтарға арнайы мүсіншені табыстады. «Әлемдік кинематографияға қосқан үлесі» үшін корейлік режиссер Ким Ки-Дук пен неміс актрисасы Натасья Кинский марапатталды.

Almaty Film Festival-дың ең негізгі жүлдесі Дарья Жуктың «Хрусталь» атты картинасына бұйырған еді.

«Үздік актриса» аталымын Майсе Абд Эльхади мен Сивэйн Крэчнер бөліп алса, «үздік актер» марапаты Георгий Бочоришвилиге табысталды.

Таңдаулылар тізімінен қазақ киносының өкілдері де табылды. Әділхан Ержанов, Каннда тұсауы кесілген «Әлемнің мейірімді бейжайлығы» картинасымен, қазылар алқасының арнайы сыйлығын еншіледі. Марапат «операторлық өнер мен қоюшы-суретшінің шеберлігі» үшін берілген еді.

Әділхан Ержанов, режиссер:

-Көп рахмет! Айдар Шәріповтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, Ермек Өтегеновке алғысым зор. Бұл марапат, екеуіңнің, оператор мен қоюшы суретшінің жеңісі!

«Бес күнге созылған киносайыстың негізгі мақсаты - кіл мықтыларды анықтау ғана емес, төл туындылар мен Алматы қаласын әлем киногерлеріне таныту» дейді Ақан Сатаев. Жауапты сәттерді артқа тастаған режиссер, мақсатының орындалғанына сенімді.

Ақан Сатаев, «Almaty Film Festival» президенті:

-Кейбір Ресейлік продюсерлер, біздің пичинг жобалар аясында отандық киногерлермен, бірнеше келісімшартқа отырды. Ал, қазылар алқасының төрағасы Сергей Бодров, өз фильмінің бір бөлігін Алматыда таспаламақ.

Ал, әйгілі «Супермен» картинасының продюсері Пьер Спенглер болса, оңтүстік астананың әсем табиғатына ғашық болғанын айтып, қайта оралуға уәде берді.

Пьер Спенглер, продюсер (Франция):

-Міндетті түрді әріптестеріме Алматыға келуге кеңес беремін. Өте әсем қала. Ал, фестивалді айтар болсам, барлығы жоғарғы деңгейде өтті. Меніңше, бұл сайыстың болашағы зор.