«Байқоңыр» кинофестиваліндегі Нұртас Адамбайдың жайсыз жағдай!

Сообщить о проблеме с эфиром

Бұл жаңаша көзқарас па?! Нұртас Адамбай қысқаметрлі кейбір картиналарға көңілі толмайтынын айтты. Тіпті, туындылардың мағынасын да түсінбейтін көрінеді. Күні кеше Алматыда өткен «Байқоңыр» кинофестиваліне келген режиссер, алғашқы көрсетілімнен-ақ көңілсіз шықты.

Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалі үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Мақсаты жас режиссерларды халыққа жақынырақ танытып, жұлдызын жағу. Ал, қазылық ету жұмысы - Нұртас Адамбай, Аружан Жазылбекова сынды танымалдарға жүктелген. Күні кеше аталмыш шараның ашылу салтанатында, байқаудан тыс қос фильмнің көрсетілімі өтті. Алайда, алғаш рет ұсынылған «Маусым соңы» атты тың жанрдағы туындыны, көрермені түсіне алмай әбігерге түсті.

Нұртас Адамбай, актер, режиссер:

-Шынымды айтсам бұл картинадан ештеңе түсінбедім. Егер маған түсініксіз болса мен бірден айтамын. Түсінген сияқты кейіп таныта алмаймын. Жалпы, қысқаметрлі картиналар өте қиын форматқа жатады.

Олжас Тоғымбет, актер:

-Менің ойымша бұл кішкене арт-хаусқа ұқсайды. Кішкене Еуропалық киноға ұқсайды. Себебі типаждарды солай таңдап алған. Бұл енді фантазияға байланысты. Егер де арт-хаусқа жақынырақ болатын болса, мен бұл киноны түсінетін едім. Бұл киноға кішкене іздену керек сияқты.

Көрермен санасын сан-саққа жүгірткен жұмыстың авторы - Жаннат Алшанова. Кино саласындағы білімін шет елде шыңдаған. Ал, екінші қысқаметрлі картина - «Шілде» деп аталады. Дәрежан Өмірбаевтың режиссерлығынан туындаған шағын фильм, осыдан 30 жыл бұрын таспаланған екен.

Дәрежан Өмірбаев, режиссер:

-Голливудқа барып оқып келді дегендерге, мен өте көп сенбеймін. Онша бір ұната қоймаймын. Себебі олардың фильмдерінің тілі, біздің өнерге келмейді. Голливудта 100 пайыз коммерциялық фильмдер. Ол жерде өнер жоқ.

«Байқоңыр» бәйгесіне биыл 195 үміткер өтініш білдіргенімен, 47 туынды ғана талапқа сай келген. Жүзден жүйрік шыққан жас киномамандар 23-ші қыркүйек күні 13 номинацияны сарапқа салады.