Q-pop өкілдері бір сахнада өнер көрсетпек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Ерболат Беделхан күллі q-pop орындаушыларын бір сахнаға жинамақ! Атышулы продюсер, жиырмадан астам ұжымның басын қосып, ерекше концерт өткізбек ниетте. Алайда, кешке қатысушылардың барлығы q-pop талаптарына сай ма?

«Келісіп пішкен тон келте болмас» деді ме, Ерболат Беделхан бұдан-былай q-pop бағытын өзге продюсерлермен бірге дамытпақ ниетте. БАҚ өкілдерімен ашық кездесу ұйымдастырған ол, маңызды мәлімдеме жасады.

Ерболат Беделхан, продюсер:

-Біз енді, ойластырып отырып, бізге не керек, бізге не керек емес, q-pop деген не, ол нені насихаттайды, біздің басқы мақсатымыз қандай, сондықтан осының барлығын бәріміз ортаға салып, талқылап, бір жолмен жүруге дайынбыз.

Беделханның сөзінше, q-pop фестиваль аталмыш ұйымның алғашқы жұмысы болмақ. Ал, болашақта қазақ поп орындаушыларына арнайы чарт, кейіннен жүйесі бар музыкалық марапат тағайындау жоспарланған.

Ерболат Беделхан, продюсер:

-Тұтас алып қараған кезде, бізде нақты бір жүйесі бар, бәрін бір концептуалды тұрғыда алып келетін сондай музыкалық жүлделер жоқ.

Ал, күллі q-pop орындаушыларының басын қосатын кеш ерекше өтеді деп күтілуде. Талай туындының тұсуы кесіліп, тіпті кейбір өнерпаздар жаңа қырынан танылмақ. Мәселен, концертке қатысушылар арасында Мәди Рымбаевтың да есімі бар.

Ерболат Беделхан, продюсер:

-Мәдидың өзінің аудиториясының түсінуі демек олар жастар болғаннан кейін, ал жастар қазір q-pop тыңдайды. Сондықтан, ол q-pop бағытында жұмыс істеймін деп шешті. Бұл өзінің шешімі.

Жұдырықтай жұмылған продюсерлер жұмысының нәтижесі алдағы шоу кеште белгілі болмақ. Q-fest қазан айының 27-сі күні өтеді деп жоспарлануда!