Батыр Жүкембаев бастаған жорық!

Сообщить о проблеме с эфиром

Келешекте қазақ боксшылары жайлы фильм таспаланса, артық болмас еді. Әзірге мұхит асқан GGG ізбасарлары кәсіпқой рингтің шыңын бағындыруды жалғастыра бермек. Батыр Жүкембаев, Данияр Елеусінов бастаған жігіттер қашан жұдырықтасады?

6 - қазанда Канаданың Квебек қаласында 13 жекпе-жегінің бәрін ұтып, 11 нокаут тіркеген Батыр Жүкембаев рингке қайта оралады. Қарсыласы азулы мексикалық боксшы - Патрисио Морено. Мансабында 22 мәрте қолғап түйістіріп, 2 рет жеңілген, 14 қарсыласын нокаутқа жіберген. Лақап аты - «Ащы үйрек».

Батыр Жүкембаев, WBC тұжырымының чемпионы:

-Ниетіміз енді ертерек әлем чемпионы болу ғой негізі. Енді оның сәті қалай түседі, бабымыз қалай келеді, бәрі соған байланысты, тек қана бізге емес, бұл жерде үлкен команда жұмыс істегендіктен, промоутер мен менеджеріміз бар, сол кісілердің жұмысына көп нәрсе байланысты.

Пәрменді Патрисио жүректі Жүкембаев үшін 10 раундтық үлкен сынақ болмақ. Бұл айқаста WBC Intertaional белбеуі бәске тігіледі. Жерлісіміз жеңіске жетсе беделді тұжырымдардың чемпиондығына таласу құқығы қол созымда. Бірнеше күннен кейін жеңіл салмақтағы Абылайхан Құсайынов та 37 айқасқа шыққан мексикалық Хесус Лагунамен жұдырықтасады.

Абылайхан Құсайынов, кәсіпқой боксшы:

-Негізі бізде екі жекпе-жек болады. Қазанның алтысында және он үшінде. Мен Алла қаласа, сол 13 күні шығамын, Монреаль қаласында шығамын. Бұйыртса 8 раундтық екі жекпе-жек өткізсем толығымен, сосын бұйыртса 10 раундтық титулды кездесуге шығуға болады.

Дәл осы бокс кешінде жас таланттар Садриддин Ахмедов пен Нұрзат Сабировтар да мексикалық қарсыластарымен жұдырықтасады. Сонымен қатар 13 қазанда Лас-Вегас қаласында орта салмақтың өкілі Мейірім Нұрсұлтанов рингке көтерілмек.

11 қазан күні жартылай ауыр салмақтың жас жұлдызы Али Ахмедов АҚШ-тың Калифорния штатында кезекті жекпе-жегін өткізеді. Қазан айының 20-шы жұлдызында жартылай орта салмақтағы «Қазақтың найзағайы» атанған Данияр Елеусінов Бостон шаһарында төртінші кездесуіне шығады. Жанкүйер жұртымызға енді тек тілеулес болу қалды!