Қырықтағы Снуп Дог пен 15 жастағы бұрымды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Хип-хоп майталманы Снуп Дог та өзінен бірнеше жас кіші арумен көзге түсті. Алайда, қырықтың қырқасына шыққан рэпер мен 15-тегі Bhad Bhabie-ді тек шығармашылық байланыстыратын көрінеді. Қос өнерпаз, тыңдарман қауымға су жаңа трек ұсынды.

Bhad Bhabie - көпшілік арасында ғаламтор жұлдызы және рэпке құмар қыз ретінде кеңінен танымал. Бойжеткен небәрі 15-ке келсе де, талай музыкалық биіктерді бағындырып жүрген жайы бар. Мәселен ол, «These Heaux» трегімен Billboard Hot 100 тізімінен табылып, чарт тарихында ең жас рэп орындаушы ретінде рекорд орнатқан еді.

Bhad Bhabie кейіннен Atlantic Records музыкалық лейблымен келісімшартқа отырып, талай сәтті туындыларының тұсауын кесті. Енді міне, рэпер ару хип-хоп майталманы Снуп Дог, Plies-пен бірлесе «Gucci Flip Flops» трегін ұсынып отыр.

Мэрая Кэридің де жалынды жанкүйерлеріне арнаған тартуы бар! Әнші көптен бері жарнамалап жүрген «With You» туындысын таныстырды.

Жеке өміріне байланысты жұмысына біраз үзіліс жариялаған Мэрая, бұдан-былай шығармашылығына шыңдап кіріспек. Әнші, American Music Awards марапатының сахнасына 10 жылдан кейін қайта оралып, аталмыш әнді шырқамақ ниетте. Одан өзге, ол «Мен Мэраямын» атты жаңа альбом жазуға кіріскенін жариялаған еді.

Лил Уэйннің «Dedicate» туындысы да тыңдарман қауыммен қауышуға әзір. Рэп орындаушысы тың трегінің тұсауын өзгелер сияқты ғаламтор желісі арқылы емес, Джимми Фэллонның шоу-бағдарламасында кесуді жөн көріпті.

Аталмыш шығарма хип-хоп орындаушының «Tha Carter V» атты жаңа әнжинағына енген.