Конор мен Хабиб!

Сообщить о проблеме с эфиром

Күні кеше Конор мен Хабиб арасындағы жекпе-жектің арты үлкен дауға ұласты! Ашуға мінген Нурмагомедов сегізбұрыштан секіріп шығып, ирландиялық спортшының бапкеріне шабуыл жасаған еді. Ал оның командаластары Макгрегорге жұдырық ала жүгірді.

Жекпе-жектің боларынан боладысы қызық. Конор мен Хабиб арасындағы айқасты алты құрлықтың жұрты асыға тосқан еді. Бүгінгі басты ММА жұлдыздарының бәсекесіне әркім өзінше болжам жасады, жанкүйер болды. Бірақ ешкім мұндай текетіресті күтпегені анық. Төртінші раунда тұншықтыру тәсілімен азулы МакГрегорды жеңген Нурмагомедов ашуға ерік берді. ММА ережесіне сай өткен кездесудің арты көше төбелесіне ұласты.

Нурмагомедовтың бұл әрекеті Лас-Вегастағы Т-Mobile аренаны толтырған жанкүйерлер мен тікелей эфирде тамашалаған жұртқа деген құртметсіздік деп бағалануда. Еліріп алған Хабибтің командаластары оқиға қызған шақта МакГрегорге шабуылдайды. Сегізбұрышқа кірген тәртіп сақшылары ғана қысқа уақытта бәрін сабасына түсіре алды. Еске салсақ, жарты жыл бұрын қызуқанды ирландиялық, ресейлік спортшы отырған автобусқа шабуылдап тұтқындалған еді. Одан бері қарсыластар да бір-бірін жауындай көретін xәлге жеткен.

UFC президенті Дана Уайттың сөзінше залдағы қарапайым көрермен зардап шекпеген. Қазір Хабиб пен командасына қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ресейлік файтер жекпе-жегі үшін тиесілі ақшасын да әзірге ала алмайды. Оның өзі және төбелеске қатысқан жақтастары АҚШ-қа енді қайтып кіре алмауы да бек мүмкін. Чемпиондық белбеуінің де тағдыры қыл үстінде тұр. МакГрегор болса еш арызданбайтынын жеткізіп, реванш өткізуді қалайтынын жариялады. Бұл дау-дамай қарымта айқасқа деген қызығушылықты арттыра түспек.