Алматыға келген Головкин

Сообщить о проблеме с эфиром

GGG Алматыда! Mансабындағы айтулы жекпе-жегінен кейін Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрған Головкин, шәкірт тәрбиелеуге бел буған көрінеді. Ал, отандасымыздың АҚШ-тағы жеке проумоутерлік компаниясының жетегінде жаттығу үшін қандай талаптарға сай болу керек?!

Қаумалаған халық кімді күтіп тұр дейсіз ғой?.. Әрине, Қазақстанды әлемге танытқан «майқұдықтың мықтысы» Алматыға ат басын бұрғанда, батырға құрмет көрсетпеу әбестік болар. Бұл жолы шаршы алаңдағы образында емес, классикалық үлгіде киінген Гена, отанына іс-сапармен келген. БАҚ өкілдерімен баспасөз-мәжлісінін өткізген экс-чемпионның басты мақсаттарының бірі -еліміздегі кәсіпқой боксты дамыту.

Геннадий Головкин, кәсіпқой боксшы:

-Қазақстанда кәсіпқой бокс кенже қалғанын мойындауымыз керек. Ал, жетістікке жету үшін, дамыған елдерге барып дайындалу қажет. Чемпиондардан тәжірибе жинаған жөн. Мықтылармен спарринг жасасаң, түбінде жақсы нәтижеге жетесің. Менің ойымша бұл дұрыс шешім.

Ол бұл олқылықты оңалту үшін аянбай тер төгуге әзір. Гена АҚШ-та «Трипл Джи» атты жеке проумоутерлік компаниясын ашып, болашақ чемпиондарды дайындауды қолға алған. Қазақстандық Әли Ахмедов пен Руслан Мәдиев аталған залда жаттығады. Ал, Головкиннің командасын толықтырғысы келетін жастарға қойылатын талаптар тым қатал.

Геннадий Головкин, кәсіпқой боксшы:

-Бірінші кезекті олар тәжірибелі болуы керек. Бір-екі жыл спортпен шұғылданған жігіттер әрине менің командама қабылданбайды. Өйткені кәсіби спорт өте қауіпті. Мен олардың денсаулығына жауаптымын. Шаршы алаң - қалаған адамның төбелесетін жері емес. Кәсіпқой боксқа келу үшін барлығын ой елегінен өткізіп алған жөн.

Өткен айда ғана әйгілі Канеломен соңғы жекпе-жегін өткізіп, алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татқан Генаның келесі қарсыласы кім?

Геннадий Головкин, кәсіпқой боксшы:

-Келесі қарсылас дейсіз бе?.. Олар өте көп. Біз қазір таңдау үстіндеміз. Бірақ оның кім екенін, жекпе-жектің қайда өтетіні туралы айту, әлі ерте. Бір айтарым мен ринге ораламын. Алдағы уақытта да менің шаршы алаңдағы өнеріме талай куә боласыздар.

Иә, 36 жастағы отандасымыз кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтауға әлі асықпайды. Ол сұхбат соңында жексенбінің таңын «Трипл Джи-дің» жекпе-жегімен қарсы алатын жанкүйерлеріне алғысының шексіз екенін жеткізді.