Сөзінде тұрмайтын дизайнерлер!

Сообщить о проблеме с эфиром

Алматыда Kazakhstan Fashion Week жалғасады. Сән шарасы аясында топтамасын таныстырған отандық дизайнерлердің кейбірі бұрынғы сөзінен ат тонын ала қашты. Мәселен, кезінде балалар ешқашан қара түсті киім кимеуі тиіс деген Алекс Чжен, дәл осы реңктегі бүлдіршіндерге арналған үлгілерін ұсынды.

Алекс Чжен, дизайнер:

-Мен балалар брендінің үлкендерді қайталағанына түбегейлі қарсымын. Олардың өз көңіл-күйі, әсері, балалық шағы болуы керек. Үлкендерше де киінетін кез келер.

Бір жыл бұрын дәл осылай сұхбат берген Алекс Чжен Kazakhstan Fashion Week аясында алғаш рет балалар топтамасын таныстырды.

Ең қызығы, баяғыдағы татымды пікірінен соң, жаңа үлгілері арқылы шебер өз сөзіне қарсы шықты. Тіпті, ақталмақ болмақ сәнгер сөз таба алмай біраз састы.

Алекс Чжен, дизайнер:

-Жоқ, түсінесіздер ме мұнда мүлде басқаша. Киімдерге ақ, қызыл түстерді араластырдық. Ересектер пішімін қалдыра отырып, балалық элементтерді қосуға тырыстық.

Алекс сынды, Наиль Байкучуков те дизайнерлік көзқарасына өзгеріс енгізуді жөн санаған. Көктемгі көрсетілімін нағыз «қазақы тойға» айналдырған ол, сынның астында қалған еді. Сондықтан болар, Байкучуков бұл жолы «тойфешннен» бас тартыпты.

Наиль Бакуйчуков, дизайнер:

-Меніңше, алдыңғы коллекциям да жаман шықпаған сияқты. Есесіне, оны тойға сатып алушылар көп болды. Ал, жаңа топтамада нәзіктік пен кербездікті көрсеткіміз келді.

Көптен бері көзге көрінбей кеткен «Жадо» үшін Kazakhstan Fashion Week камбэк болды. Араға үш жыл салып, айтулы шарға қатысқан Жадыра, киімдері арқылы өзінің бар екенін ел есіне салуға тырысқандай.

Жадыра Сахиева, «JADO» маркасының иегері:

- Енді, бізді «Жадо» сән үйін көбінесі ұлттық нақышта деп біледі. Бұл жолы біз прет-а-порте жасадық. Күнделікті киім, кешкі киімдер, сосын жастараға, біздің жігіт-қыздарымызға арналған қызыл энергия түсті деген топтамамыздың аты.

Фэшн-уиктің екінші күні отандық диазйнерлермен қатар, шетелдік шеберлер де өз еңбегін паш еткен еді. Олардың арасында өзбекстандық FIORA, тәжікістандық ALAN VOLOVIKIS брендтері бар.