«Шелкунчик» фэнтезиінің тұсауы кесілді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Лос-Анджелесте де киноәлемі үшін тың туындының тұсауы кесілді! «Шелкунчик және төрт патшалық» лентасы көрерменімен қауышуға әзір. Еске салсақ, ерекше фэнтези Чайковскийдің балеті негізінде түсірілген еді.

Қиял мен ғажайыпқа толы лентаның сюжеті бойынша, Клара есімді жасөпірім рождество қарсаңында ерекше сыйлық – «сиқырлы кілтке» ие болады. Соның арқасында өзге тылсым әлемнің есігін ашып, Қар, Гүл және Тәттілер еліне сапар шегеді. Алайда, арудың шытырман саяхаты мұнымен аяқталмайды. Клара Тышқандар әмірлігіне аттанып, бейбітшілік жолында Тышқан патшамен ашық айқасқа түсуі тиіс.

Фэнтези туынды Эрнст Гофманның «Щелкунчик және Тышқан патшасы» ертегісі мен Петр Чайковскийдің әйгілі балеті негізінде таспаланған. Лентада Кира Найтли, Хеллен Мирен, Морган Фримен сынды Голливудтың жұлдыздары басты рөлде.

Джейден Фовора-Найт, актер:

-«Щелкунчик» образы маған бұйырды. Жұмыс барысы өте қызықты өтті. Соған қарамастан, мен қатты қобалжыдым. Алайда, Кира маған демеу болды.

Көптен күткен картинаның Лос-Анджелестегі премьерасына, актерлармен қатар балет әртістері де қатысқан еді. Бұл өнер иелеріне фэнтезиде төбе көрсету бақыты бұйырыпты.

Мисти Копленд, балет әртісі:

-«Щелкунчик» оқиғасының менің өмірімде де, балетте де алар орны үлкен. Картина арқылы бұл өнерді келер ұрпаққа насихаттауымыз керек. Ең бастысы, қара торы балерина ретінде Дисней мультфильмінде көріну мен үшін өте қызық.

Қиял әлеміне елітіп әкететін фэнтези-туындыны отандық көрермен де тамашалай алады. «Щелкунчик және төрт патшалық» 8-желтоқсаннан бастап үлкен экрандарға жол тартпақ!